Құқығы тапталған: Қазақстанда бір жылда 3,7 мың азамат Конституциялық сотқа жүгінді

Автор: Аягөз Құрмаш

Оның ішінде алимент мәселелері де бар  

Фото: istockphoto.com

2024 жылы Конституциялық соттың қарауына азаматтардан 3,7 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Конституциялық сот Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің ресми сауалына жауап берді.

Конституциялық сот екі азаматтың өтініші негізінде алименттік құқықтық қатынастарды реттейтін құқықтық актілердің жекелеген нормаларын тексерудің қорытындысы бойынша екі нормативтік қаулы қабылдаған.

Конституциялық сот азаматтардың өтініші бойынша құзырлы органдарға ұсынымдар жолдаған.

Мәселен, үкіметке Конституциялық соттың нормативтік қаулысында жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес, жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдардан кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға алименттерді есептеу және өндіріп алу туралы заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылды.

Жоғарғы сотқа Конституциялық соттың нормативтік қаулысында жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, Жоғарғы соттың «Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы» 2019 жылғы 29 қарашадағы №6 нормативтік қаулысына түзетулер енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ, Үкіметке ата-ана мен балалардың алименттік міндеттемелеріне қатысты заңнаманы Конституциялық соттың осы нормативтік қаулысында жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес жетілдіру мәселесін қарау ұсынылды.

Конституциялық соттың құзыретіне жататын мәселелерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау Конституцияда, «ҚР Конституциялық соты туралы» конституциялық заңда және Конституциялық соттың регламентінде белгіленген конституциялық іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады.

Конституциялық соттың «2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексінің 2-бабы екінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы» 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №59-НҚ нормативтік қаулысы қабылданды.

Жоғарғы сотқа Конституциялық соттың осы нормативтік қаулысында жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану мәселелері бойынша қосымша түсіндірулер беру ұсынылды.