«Даңғаза жасаудың қажеті жоқ»: Тоқаев Қытайда тарап жатқан метапневмовирус туралы қандай ойда

Автор: Бақыт Шынар

Бүгін президент Астанадағы жаңа Студенттер үйіне барды

Фото: Ақорда

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Студенттер үйіне барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магистранттарына, сондай-ақ докторанттарына арналған жатақхана 2656 орынға арналған. Ғимарат мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған

Студенттермен тілдескен Қасым-Жомарт Тоқаев жұртты алаңдатқан метапневмовирус туралы пікір білдірді.

«Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек, – деді Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайда таралған метапневмовирусқа байланысты ауруханаларға адам көп түсіп жатыр. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елімізде осы вирусты жұқтырған 30 адам анықталғанын хабарлады.