«Демократия жолындағы қадам». Сенаторлар сайлау, партия туралы заңдарды мақұлдады

Автор: Azattyq Rýhy

Аталмыш заң жобалары Президент қарауына жіберіледі

Фото: Сенат баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» және «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларын бірауыздан қолдады. Аталған Заңдар сәуір айында Мәжіліс қарауынан өткен болатын.

«Президент ұсынысымен бүгін қабылданып отырған Заңдар елдің саяси өмірінде ерекше мәнге ие. Саяси партияларды құру мен тіркеу тәртібі едәуір жеңілдетіліп отыр. Партияларды тіркеудің талапты шегі төмендетілді. Қабылданған заңдар көппартиялы жүйені одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30%-ға міндетті квота бекітілді. Бұл әйел адамдар мен жастарға еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысуы үшін қосымша мүмкіндік береді. Мұндай өзгертулерді демократиялық даму жолындағы нақты қадам деп қарастыруымыз керек. Олар саяси жүйемізді одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенеміз», - деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Енді Заңдарға Президент қол қойса, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелері 40 мың емес, 20 болса жеткілікті. Ал әйелдер мен жастарға 30% міндетті квота берудің негізгі мақсаттарының бірі - олардың Парламентке депутат болуына мүмкіндік жасау. Осындай оймен Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Әділет вице-министрі сұрақ қойды.

«Заң жобасында мандаттарды бөлу кезінде квоталардың сақталу мәселесі қарастырылмаған. Бұл болашақта жастар мен әйелдердің Парламентте болуына кедергі келтірмей ме?», - деді ол.

Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан әйелдер мен жастардың партия тізімінде болуы олардың депутаттыққа сайлануына кепілдік бермейтінін түсіндірді.

«Бұл партияларды қоғамның осы өкілдерімен жұмыс істеуге ынталандыратын эволюциялық жол. Себебі, біз партиялар тізімін алғанда оның ішінде жастар мен әйелдер өте аз екенін байқаймыз. Әзірге осындай әдіс. Ал, әрі қарай саяси партия аталған санатқа қанша мандат беретінін өзі шешеді. Сайлауда бәсеке болады», - деп жауап берді Наталья Пан. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан