«Өзін аға сезіну»: Ресей билігі тең дәрежедегі ықпалдастық құруға дайын емес
Тоқаевтың мәлімдемесіне орай саясаттанушылар пікірі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кешегі отырысында айтқан пікірілеріне қатысты елде талқылаулар қызу жүріп жатыр. Президент кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Facebook желісіндегі жеке парақшасына Тоқаевтың онлайн конференцияда жасаған баяндамасының 13 минуттық толық нұсқасын салды.
Айта кету керек, ЕАЭО жиыны осымен екінші рет онлайн форматта өтті. Оған Беларусь президенті Александр Лукашенко төрағалық етті. Күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі Еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық дамуы туралы негізгі құжатты қабылдау болатын.
Отырыста сөз алған Қазақстан Президенті интеграциялық жұмыс ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескеруі тиіс деді. Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) «бесжылдық» стратегияны жасау кезінде ұлттық заңнамалар мен Ресейден өзге де мемлекеттердің мүдделерін ескеруі керек еді деген ескертуін айтты. Сондықтан ол Стратегия мемлекеттердің өз ішінде әлі де талқыланып, қоғамдық ой-пікірлерге уақыт берілсін, бұл дербестік құқығын шектеу деген болатын.
ЕЭК ТЫМ АСЫҒЫС ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАЙДЫ
Azattyq Rýhy Президенттің мәлімдемесіне қатысты елдегі танымал саясаттанушылардың пікірін біліп көрді.
Сұлтан Әкімбеков Президент Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысына қатысты шынында қатқыл мәлімдемелер жасады деп есептейді. Ол бұл талаптар орынды деп ойлайды. Себебі, бұл ұйымға кіргенде ең бірінші экономикалық даму мүддесін көздегенін айтады. Сондықтан кешегі Президенттің айтқандарынан ұққанымыз, Қазақстан бұл жолды қаламайтынын және бұдан ары қарай әріптестікті қайта қарауға дейін баруға дайын екенін меңзеді.
«Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысындағы олқылықтың бірі ретінде бұл органның тым асығыс шешімдер қабылдайтынын, өзге де мүше елдердің мүдделерінің аяқасты етілетінін, бюрократиялық органға айналмауын ескертті. Қоғамда осы одақ аясында кей елдердің дербестігін шектеу байқалатынын, ал интеграциялар экономикалық тұрғыдан құрылуы керектігін дұрыс айтты.
Осы одаққа кірген соң, Қазақстан мен Ресей арасында сауда-экономикалық баланс бұзылды. Қауымдастыққа кірер кезде сауда мен тауар дефициті 2 есе көп болса, 2013 жылы ол 3 есеге дейін артты, қазір оның көрсеткіші 2,5 есе айырмашылықпен қалып отыр.
Сондықтан қазіргідей дағдарыс кезінде бұл сұрақ көтеріледі. Бизнес те осы күнге дейін Ресей тарапынан тарифтік шектеулердің әділетсіз жүргізілетінін жиі айтып жүр. Қазақстандық сөрелерде Ресейде жасалған тауарлардың үлесі күн санап өсіп келе жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан қазақстандық бизнес қауымдастығының үні кешегі Тоқаевтың мәлімдемесі арқылы ЕАЭО елдерінің басшыларына жетті ғой деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.
Десе де Қасым-Жомарт Тоқаев интеграцияны жалғастыру керек деп санайды. Ең бастысы, одақтың форматы экономикалық деп жарияланды ма, консептуалдық міндет жалпыға ортақ тауар нарығын құру, елдердің экономикасы мен өндірісі теңдей даму керек делінді ме, ендеше солай болсын дегенді айтып отыр.
«Стартегияны қабылдау, ЕЭК өкілеттілігін кеңейту туралы мәселе күн тәртібіне шықты. Ендеше шешімін таппай отырған проблемаларды аттап кетіп, көрпені әркім өзіне қарай тартса, ондай одақтың қажет не? Қателікті көріп, оны түзетуді талап ету прагматикалық әрі логикаға сыйымды мәлімдеме. Мұндай шешімдер өз-өзін алдағы уақытта ақтайды. Айта кету керек, Тоқаев кеше газ тасымалдау тарифіне қатысты пікірін де өте орынды айтты. Оның екіжақты келісіп шешетін мәселеде Еуразиялық экономикалық комиссияның араласуы орынсыз, егемендік құқықтар сақталуы керек дегені де көңілге қонады»,- дейді саяси сарапшы.
ЕЭК МҮШЕЛЕРІНІҢ 80 ПАЙЫЗЫ – РЕСЕЙЛІКТЕР
Саясаттанушы Расул Жұмалы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кешегі отырысындағы мәлімделерге қатысты өз пікірін айтты. ЕАЭО аясында қаралған барлық мәселелер Қазақстан мүддесіне шешілді деп аттандауға ерте дегенді айтты. Алдағы бес жылға арналған стартегиялық жобаға қатысты әсіресе егемендігіміз мәселесіне келгенде асығыстық танытпау керек. Оның ойынша, Қазақстан осы күнге дейін енген, қол қойған барлық келісім шарттарды қарасақ, біздің мүддеге қарсы тұстары өте көп. Жұмалы олардан біртіндеп шығу мәселесін шешіп алу керек екенін, оның мәлімдемелермен емес, іспен шешілуі тиіс екенін айтады.
«Ал жалпы, сөз болып отырған ЕАЭО елдерінің алдағы бес жылдық стратегиялық дамуы туралы құжаттың шығуының өзі алаңдатады. Оны дайындаған Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы жұмысшы орган, оның атауы – Еуразиялық экономикалық комиссия. Оның мүшелігіне басында ресейліктерден бөлек, өзге де елдердің өкілдері енген болатын. Мысалы, сол құжатта мынадай баптар бар: Қазақстан өзге елдермен келіссөздер өткізгенде, бақылаушы ретінде ЕЭК мүшелері де сол келіссөздерге қатысуы керек. Бұл барып тұрған масқаралық қой.
Осы сияқты назар аударатын мәселелер өте көп. Еуразиялық комиссия құрамындағы қазақстандық өкілдер осындай баптардың еніп кетуіне қалайша жол берген?! Одан кейін сол біздің өкілдердің патриоттығы, мемлекетшілдігі туралы мәселелерді қайта қарау қажет сияқты. Одан сабақ алып, кадрлық ротацияны қолға алу керек деп санаймын. Екіншіден, сол ЕЭК мүшелерінің үлесі де әрқилы. Комиссия құрамында 80 пайызы – Ресей Федерациясының өкілдері. Осыдан кейін қалайша әділ түрде шешім қабылдайтын одақ, өзгелерге ортақ стратегия қабылдауға болады? Оның атқарушы органында қалған мүше мемлекеттеордің үлесі 20 пайыздан аспаса, бұған дейін қабылданған шешімдердің де өзгелерге пайдасы шамалы деп қарау керек», - дейді Р. Жұмалы.
РЕСЕЙ АРАНДАТУҒА БАРУЫ МҮМКІН
Сарапшының пікірінше, ЕАЭО-қа қатысты экономикалық мүддеміздің ескерілмей отырғаны және тәуелсіздік принциптеріне қайшы қадамдар жасалып жатқаны туралы соңғы 10 жылда айтылып-ақ келеді. Рас, Кедендік одақ құрылғалы бері тек ұлт патриоттары ғана емес, экономистер, қаржыгерлер мен кәсіпкерлер жағы талмай айтып отырды. Осы ұйымға сауда, инвестициялық жобалар бойынша бәсеке, сапа жағынан Қазақстан тарапы тек ұтылуымен келе жатыр.
«Негізі, Путин бастаған билік тең дәрежедегі ықпалдастықты құруға әлі де дайын емес. Өзін «аға» ретінде сезінуі, көрші мемлекеттерге деген көзқарасы өзгермейді, ол баяғыдан белігілі. Оны өзі де талай мәрте айтты. Мысалы, мына мемлекет тарихта болмаған деген сияқты пікірілер айтатын елдің басшысының мақсаты белгілі. Путин ғана емес, жалпы Ресей элитасының көздегені бұрынғы Кеңес Одағындай ықпалды уыстан шығармау. Түрлі құйтырқы әрекеттер, алдамшы жобалар арқылы үстемдігін орнату. Сондықтан біз мұны дұрыс түсініп, өз нәрсені өз атымен атауымыз керек. Сондықтан кешегі айтылған мәлімдемелерге Путиннің көзқарасын түсіну қиын емес. Әрине, ашулы, өз дегенінің болмағаны, жалпы тең дәрежедегі келіссөздерге Путин әкімшілігі дайын емес», - дейді саясаттанушы.
Бұған дейін ЕАЭО мәселелері бойынша Беларусь Президенті де кешегі Тоқаев сияқты мәлімдемелер жасағаны белгілі. Бірақ Ресейдің масс-медиасы, елдің пропагандалық БАҚ-тары шабуылдар жасап, түрлі арандатуларға барды. Расул Жұмалы біз оған да дайын болуымыз керек екенін ескертті.
«Менің айтқаныммен болуы керек, әйтпесе басқаша әрекеттер көрсетеміз деп сес көрсету қолдарынан келеді. Оның (Путин - авт.) ашу-ызаға салынып отырғаны кешегі кадрлардан байқалды. Десе де, біз өз мүддемізді қорғап, өз пайымызды айтуды шама-шарқымыз жеткенше көрсетуіміз керек. Заңды түрде, кешегідей дипломатиялық түрде халықаралық заңдарға негіздеп мәлімдеуіміз қажет. Айналып келгенде, ЕАЭО-ның құрылуының алғышарты – тек қана экономикалық интеграциямен айналысатын ұйым. Саяси, басқа да рухани мәселелерге мұнда орын жоқ. Кешегі стартегия бұл қағидалардан жалтарып, интеграцияны саясат талаптарына құрылғанын байқауға болады», - дейді қазақстандық саясаттанушы.
АРМЕНИЯ МЕН БЕЛАРУСЬ ҰСЫНЫСЫ
Айта кету керек, онлайн жиында Ресей президенті Владимир Путин одақтың реттеу органы саналатын Еуразиялық экономикалық комиссиясының (ЕЭК) ұйымдастыру рөлін арттыруды ұсынды. Қазір Ресей БАҚ-тары мен Кремльге жақын саясаттанушылар бұл бастаманы қолдап, пікір білдіріп жатыр.
ЕАЭО жанындағы Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Михаил Мясникович (Белоруссия өкілі- авт.) РБК агенттігіне берген сұқбатында Одақтың тиімділігі тараптардың бір-біріне деген сеніміне байланысты деп мәлімдеген. Интеграцияны тереңдету үшін мемлекет басшылары деңгейінде өзара түсіністік бар. Бірақ практика жүзінде мәселелер шашыраңқы. Кейбіреулер өзінің отандық тауар өндірушілерін қолдайды, ал өзгелері бұл мәселеде тарынып қалады. Мұнда әр мемлекеттік экономикалық даму процестері де әрқилы екенін ескеру керек, депті комиссия төрағасы ресейлік ақпарат құралдарына берген сұқбатында.
«Новости-Армения» ақпарат порталының жазуынша, Армения жұртшылығы В. Путиннің газды тасымалдау тарифіне қатысты ұстанымын сынап жатыр. Ресей басшысы 2025 жылға дейінгі ЕАЭО стратегиясын Одақ аясында Армения мен Беларусь Республикасы ұсынған табиғи газдың бағасына қатысты сұрақтарды алып тастауды ұсынған болатын. Владимир Путин газға қатысты сұрақтарды нарық реттейді, мұны кейін сарапшылар деңгейінде талқылаймыз деп шорт кесті.
Қорыта айтқанда стратегияны бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстыра отырып қарастыру, оның нақты іске асуын қиындатады деген болатын Тоқаев. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Бұл 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді деді Қазақстан Президенті.
Айта кету керек, тараптар стратегияны жалпы қолдағанымен, 19 мамырда қабылданбай қалды. Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен ЕЭК-ға Стратегияны тағы да пысықтау тапсырылды. «Еуразиялық бестіктің» көшбасшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын 2020 жылдың күзінде Минск қаласында өткізуге уағдаласты.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы