$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.11.2024, 10:05
Саясат

Әртіс, «ажарлаушы», жылқышы: Ұлттық қауіпсіздік қызметінде кімдер жұмыс істеп жүр

Комитет осы лауазым иелеріне «ерекше» еңбегі үшін қосымша ақы төлемек

Әртіс, «ажарлаушы», жылқышы: Ұлттық қауіпсіздік қызметінде кімдер жұмыс істеп жүр
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталына жаңа бұйрықтың жобасын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұйрық жобасында «ұлттық қауіпсіздік органдарының ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы алуға құқығы бар азаматтық қызметшілердің» тізімі бар. Тізімде 135 маман иесі жазылған.

Ең қызығы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы тізімді жариялай отырып, комитетте «біртүрлі» мамандар бар екенін байқатып қалды. Әрине, комитет бұл мамандық иелерінің атауын орыс тілінен қазақ тіліне аударған соң, қате кетуі де мүмкін. Дегенмен, бұйрық жобасын бір шолып, ұлттық қауіпсіздік комитеті «ерекше қызметі» үшін қосымша ақы төлеуге ұсынып отырған мамандықтардың бірнешеуін атап өтейік дедік.

Сонымен, қосымша ақы алуға ұсынылған мамандықтардың басын әртістер бастап тұр. Шекара қызметіне тікелей қатысы бар мамандықтардан бөлек, ҰҚК бұл тізімге «ажарлаушы» деген мамандықты қосқан екен. Тізімде 31-ші болып «қонақ үй басшысы» лауазымы тұр. Көркемдік жетекші деген маман иесінен басқа «қайыс ер-тұрман құрастырушы» мен «қайыс ер-тұрман жасаушы» лауазымдары да қатты таң қалдырды. Бәлкім, бұл тізімде «жылқышы» деген лауазым жүрген соң, ұлттық қауіпсіздікке жауапты комитет жылқының ер-тұрманы да жақсы болсын десе керек.

Бұлардан басқа, ұлттық қауіпсіздік комитетінде «жартылай фабрикат тамақ жасайтын» адамдар да жұмыс істейді екен. Арашы, «ағаштан жасалған бұйымдарды құрастырушы», бағбан, етікші, «әйнекші» де ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі ерекше қызметі үшін қосымша ақы алуы мүмкін.

Бұйрық жобасы 9-желтоқсанға дейін талқыланады.

 

Серіктес жаңалықтары