Тоқаев Украинадағы жағдайға байланысты неге шұғыл тапсырма берді - сарапшылардың пікірі
Президент бүгін түнде әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған еді
Қазақстандағы танымал саясаттанушы Данияр Әшімбаев пен оның әріптесі Ғазиз Әбішев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты шұғыл тапсырма бергені немен байланысты екенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс қос мемлекеттің екіжақты қарым-қатынасымен байланысты емес.
«Тараптардың бірін сырттан біреу басқарып отыр және ол көп жылдар бойы екіншісіне қатысты конфронтациялық бағдарын өз бетінше жүргізіп жатқан жоқ. Текетірестің қазіргі кезеңі, бәріміз жақсы түсініп отырғандай, Америка әкімшілігі (сайлауда жеңілген) мен оның серіктестерінің Ресей аумағында алысқа ұшатын қаруды қолдану туралы шешімімен байланысты. Вашингтон жағдайды ушықтыруға тырысып жатқандықтан жақын апталарда ақылға қонымсыз әскери шаралар қабылданады деп болжауға болады. Мұның соңы әскери арсеналдың әжептәуір кеңеюіне әкеп соғып, зымырандар әртүрлі бағытқа және өте алысқа ұшуы мүмкін», - дейді Әшімбаев.
Саясаттанушы кеше президенттің баспасөз хатшысы Тоқаевтың Қазақстан қауіпсіздігін күшейту жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажет екені туралы мәлімдемесін жариялағанын еске салды.
«Берік Уәли «елдегі жағдай президенттің жеке бақылауында» екенін атап өтті. Қазақстанның таңдауы көп емес, бірақ бұл жерде ел аумағын кездейсоқ «соққылардан» қорғау үшін әуе шабуылына қарсы қорғаныс және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін күшейту, ТЖМ-ның тиісті жүйелерінің жай-күйіне ревизия жасау, ықтимал арандатуға байланысты қауіпсіздік шараларын күшейту жайлы сөз болатын шығар», - дейді ол.
Ал оның әріптесі Ғазиз Әбішев екі ел арасындағы соғыс жаңа деңгейге өткенін атап өтті.
«Президент Тоқаев бүкіл мемлекеттік аппаратқа – өз Әкімшілігіне, Министрлер кабинетіне, күштік құрылымдар мен әкімдерге Украинадағы жағдайға байланысты ерекше режимге өтуді тапсырды. Бір жағынан алысқа ұшатын зымырандар қолданылды, екінші жағынан олар – баллистикалық, соғыс жаңа деңгейге өтті. Қазақстан әдеттегідей күні бұрын қамданып жатыр, әртүрлі, соның ішінде теріс сценарийлергеде дайындық жасау үстінде. Президенттің баспасөз қызметі Тоқаев славян халықтарын әскери іс-қимылды тоқтатып, келіссөзге келуге бірнеше рет үндегенін еске салды. Осы арқылы ресми Астана Мәскеу мен Киевті мәмілеге келтіру жолдарын іздеу бойынша қызу жұмыс жүргізгенін меңгезен болар», - дейді Әбішев.
Естеріңізге салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрге, Президент Әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр.