Қазақстандық қоғамның тұтастығы: саясаттанушы бейбітшіліктің нышаны жайлы айтты

Аягөз Құрмаш

Сарапшы қоғам тұтастығының тетіктерін атады

Қазақстандық қоғамның тұтастығы: саясаттанушы бейбітшіліктің нышаны жайлы айтты
Фото: Қазбек Майгелдиновтің жеке мұрағатынан

Еліміз ұстанатын саясаттың бірі – көпұлтты, көпэтникалық халықтың ортақ шаңырақта бірлік пен татулықта өмір сүруі. Бір шаңырақ астында шоғырланған 130-дан астам ұлт пен этностың бейбітшілігінің негізі қандай? Қазақстандық қоғамның тұтастығы жайлы саясаиттанушы Қазбек Майгелдинов айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Қазақстандық қоғамды қалыптастыру және қазақ ұлтының бірегейлігі жайлы саясаттанушы Қазбек Майгелдинов пікір білдірді.

«Қазақ халқының бірегейлігі – қоғамды шоғырландырудың және оның қазіргі әлемдегі орнын анықтаудың негізгі тетігі. Себебі қазақ халқының бірегейлігін қалыптасытруда бірінші кезекте тарихи жад, мәдени мұра мен салт-дәстүр маңызды рөл атқарады. Ал қалыптасқан бірегейлікке сан ғасыр бойы жүрген жолдың нәтижесі мен қорытындысы ретінде қарауымыз керек. Қазіргі уақытта еліміздің көпұлттылығы, мәдени алуандығына қарамастан ортақ тарихы бар. Мысалы, Жошы ұлысын қайта жаңғыртып жатырмыз. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы да зерттеліп жатыр. Сонау Ұлы жібек жолынан бері қарай алатын болсақ, біздің аймағымызда тарихи код қалыптасты деп айтуға болады», - дейді Қазбек Майгелдинов.

Саясаттанушының айтуынша, қазіргі уақытта қазақ халқының бірегейлігін сақтау үшін түрлі бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр.

«Қазақ халқының тілін, дәстүрін, мәдениетін сақтау үшін елімізде белсенді жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар баршылық. Оларды іске асыру аса маңызды. Осыған дейін «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» жобалары жұмыс істеді. Олардың басты мақсаты жаһандану жағдайында қазақстандық, қазақи мәдениеттің сақталуына басты қадамдар болды. Ал саяси тұрғыдан қарайтын болсақ, соңғы 30 жылдағы жағдай бойынша қазақстандық қоғамның көпұлттылық сипаты бірнеше маңызды тетікке негізделді, - дейді сарапшы.

Майгелдинов бірлік жолындағы ҚХА-ның рөлі жайлы айтып берді.

«Ол біріншіден, еліміз 100-ден астам этникалық ұлт пен ұлыстың үйіне айналды. XX ғасырдың басындағы Кеңес үкіметінің солақай саясаты, жер аудару сынды процестердің нәтижесінде ұлт пен ұлыс көбейді. Бірақ біз соның нәтижесіндегі алуандыққа қарамастан, бір шаңырақ астында бейбіт түрде өмір сүретін этникааралық, конфессияаралық келісімді қалыптастардық. Қазақстан халқы ассамблеясы да осы маңызды міндетті жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады деп айтсақ болады. Себебі бұл платформа 90-шы жылдардан бері қарай еліміздегі ұлттық және қоғамдық бірлікті сақтауда ең қажетті институт болды. Оны қажет немесе қажет емес деп те жатқандар бар. Алайда өңірлерде түрлі этностардың біртұтас ұлт ретінде өмір сүруі осы Қазақстан халқы ассамблеясының тетіктерінің жүзеге асқанының нәтижесі деп білуіміз керек», - дейді саясаттанушы өз сөзінде.

Оның айтуынша, бұл - көзге көрінбейтін жұмыс. Бірақ салыстырмалы түрде тиімді жұмыс атқарып отырғанына көз жеткізуге болады.

«Қазіргі таңда әлемде болып жатқан геосаяси келіспеушіліктердің екі себебі бар. Бірі – аймақтық келіспеушілік, екіншісі – бір-біріне жақын діни көзқарастар мен ұлттар арасында болып жатыр. Әу баста тіл мен ұлт мәселесі негізінде өршіп кеткен қақтығыстар. Ал еліміздегі 130-дан астам ұлыс пен ұлттың қаймағы бұзылмай, ел ретінде сақталып отыруы елде жүргізілген этносаяси процестің дұрыс жолға қойылуының нәтижесі деп білу керек. Саясат тұрғысынан қарайтын болсақта, еліміздегі қабылданған түрлі бағдарламалар мен ішкі саясаттың басты мақсаты – тұрақтылық. Оны нығайтудағы қалыптасқан модель өміршең, оны әрі қарай үйлестіріп алып кетуіміз керек деген ойдамын», - дейді Қазбек Майгелдинов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.