Депутаттар не себепті елімізде «қос билік» орнамайтынын түсіндірді
Нұрлан Әбдіров, Артур Платонов және Нұржан Әлтаев сынды Мәжіліс депутаттары қоғам талқысына түскен еліміздегі «қос билік» тақырыбында айтып берді
Соңғы күндері БАҚ беттерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 9 қазанындағы Қауіпсіздік Кеңесі туралы жарлығы түрлі пайымдар туғызды. Жарлықта Президент Ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыртқы барлау қызметі, Бас прокуратура, Ұлттық Банк, облыс, республикалық маңызы бар қалалар әкімдері мен министрлерді тағайындағанда Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасымен келісілетіні айтылған. Осыған байланысты ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде пікір білдірді.
«Бұл Президенттің «кезекті» Жарлығы деп ойлаймын. Құжатқа 2018 жылғы шілдеде қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылды. Аталған алқалы органның өкілеттілігін күшейту заңға сәйкес қарастырылады. Ал оны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өмір бойы басқарады. Мемлекеттің лауазымды тұлғаларын тағайындау туралы келісім тәртібі іс жүзінде Президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді», - деп жазды.
Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары да елде неліктен «қос билік» орнамайтынын түсіндірді. Мәселен, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Нұрлан Әбдіров шешімді тек Президент қабылайтынын шегелеп айтты.
«Жарлық бойынша шешімді Президент қабылдаса қалай қос билік орнайды? Мемлекет басшысы келісуі мүмкін, керісінше жасауы да мүмкін, бірақ ол оның саяси еркі мен таңдауына байланысты. Оны ешкім мәжбүрлей алмайды. Себебі – Конституция бойынша Қазақстан – біртұтас, унитарлы мемлекет. Сондықтан барлық шешімді Президент қабылдайды. Елбасы да бұл туралы «Біз кеңесеміз, бірақ шешімді Президент қабылдайды деп айтқан», - деді.
Осы жағдайға байланысты Әділет министрі Марат Бекетаев та пікір білдіріп, «Бұдан драма жасаудың қажеті жоқ» деп қысқаша түйіндеген еді.