Қазақстан әскеріндегі бір сарбаз күніне 1 602 теңгенің тамағын жеп жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Спортшылардың бір күндік тамағына бұдан 10 есе көп қаржы бөлінетіні белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Константин Авершин қазақ сарбаздары шын мәнінде күніне 1 602 теңгенің тамағын ішіп жүргенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында Қарулы күштер мен өзге де әскери құрылымдардағы сарбаздарды азық-түлікпен қамту мәселесін қозғады. Оның айтуынша, бұл жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысты тақырып.

«1998 жылдан бері бұл қызмет аутсорсинг компаняларға берілген, яғни, мұндағы мақсат шығындарды оңтайландырып, тамақ сапасын жақсарту еді. Алайда, соңғы жылдары осы қызметтің құны нарықтың шынайы көрінісіне сай болудан қалды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биыл мамыр айындағы әскерилердің азық-түлік пайкасының орташа құны – 3000 теңге болған. Бұл бекітілген сомадан, яғни, 2250 теңгеден 33 пайызға қымбат баға. Статистика органдары базарлар мен дүкендердегі азық-түлік бағасы туралы мәліметтержі жинайды. Бірақ, қаржы министрлігі ол азық-түлік әскери бөлімге өз аяғымен жетіп, өзін-өзі пісіріп, столға өзі дайын тамақ болып тұра қалу керек сияқты. Сол сияқты, қаржы министрлігі әскери бөлімдердегі асханалар өзінен өзі жұмыс істеп, өз ішін өзі тазалап, ал тамақ сақтайтын қоймалар өз-өзін дезинфекциялап, аспазшылар тамақты тегін пісіру керек сияқты», - дейді депутат.

Қаржы министрлігінің бұл әрекетін түсінбеген Авершин сарбаздар шын мәнінде күніне неше теңгенің тамағын жеп жүр деген есепті өзі шығарып берді.

«Салық, әлеуметтік төлем мен әлеуметтік шығындарға байланысты жасалған анализ дәл осы шығындар әлгі пайканың құнынан 647 теңгені («жеп отырғанын» көрсетті. Яғни, пайканың бағасы 2250 теңге болса, оның 647 теңгесі осы шығындарға кетеді. Енді осыдан барып бір әскери дәл бүгін 2250 теңгенің емес, 1602 теңгенің (2250 – 647,80 = 1602,20) тамағын ішіп отыр деген қорытынды жасауға болады. Инфлция мен бағаның қымбаттағанын ескерсек, 2022 жылы бекіген осы қаржыландыру көлемі шығынның бәрін жауып отырған жоқ деп ойлаймын. Бұл әскерилердің ішіп отырған тамағының сапасына тікелей әсер етеді. Оның үстіне, Республикалық бюджет комиссиясы 2020 жылы қаржы министрлігіне осы мәселені қайта қарау керек деген тапсырма берген болатын. Бірақ, қаржы министрлігі оны орындаған жоқ, осылайша, елдің қорғаныс саласын қауіпке итеріп отыр», - дейді депутат.

Бұл ретте ол 2024 жылы Қазақстан спортшыларының бір күндік тамағына неше теңге бөлініп отырғанын тізіп айтып берді.

«Салыстырмалы түрде алып қарасақ, спорт министрлігі бекіткен әдістемеге сай, 2024 жылы спортшылардың тамағына мынанша қаржы бөлініп отыр:

1) бірінші пункт – бокс, еркін күрес, қоян-қолтық ұрыс сияқты спорт түрімен шұғылданатын спортшылардың тамағына тәулігіне 3 АЕК немесе 11076 теңге бөлінеді;

2) екінші пункт  - бочча, мылтықтан оқ ату, спорт туризмі, стенд ату сияқты спорт түрлеріндегі спортшылардың тамағына күніне 2,3 АЕК немесе 8491,6 теңге бөлінеді;

3) үшінші пункт – балық аулау, тоғызқұмала, шахмат, дойбы сияқты спортта жүрген спортшылардың бір күндік тамағына 1,7 АЕК немесе 6276,4 теңге бөлініп отыр. Ал, әскерилердің бір күндік тамақ пайкасының құны айтып өткенімдей – 2250 теңге. Қосымша шығындарды алсақ, 1602 теңге. Яғни, сарбаздарымыз дойбы ойнайтын спортшылардан үш есе аз тамақ ішеді», - деді депутат сауалын жолдай отырып.

Осылайша, премьер-министр Олжас Бектеновке сауал тастаған ол бұл мәселені тез арада шешпесе, әскерлердің ішіп отырған тамағының сапасы нашарлап қана қоймай, түгел армия азық-түліксіз қалуы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.