Тоқаев Ақордада Корея Ұлттық Ассамблеясының төрағасымен кездесті
Саяси қонақ Қазақстан президентіне ілтипаты үшін алғыс білдірген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шикпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев У Вон Шиктің Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапары елдеріміз арасындағы тығыз қарым-қатынастардың дәлелі екенін айтты.
«Президент Қазақстанның Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі Оңтүстік Кореямен арадағы санқырлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы тараптардың парламентаралық ықпалдастықты жандандыру жолындағы күш-жігеріне қолдау білдірді. Бұл – саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісінің маңызды тетігі», - деп жазды Ақорда.
У Вон Шик қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, қазақ-корей байланысын барлық бағыт бойынша тереңдетуге дайын екенін айтқан.
«Қасым-Жомарт Тоқаев пен У Вон Шик автокөлік құрастыру, энергетика, өнеркәсіп, білім және мәдениет салаларында қазір жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған бірлескен жобалар жөнінде пікір алмасты», - деп хабарлайды Ақорда.