Ақтөбе әкімі референдум учаскесіне жұбайымен бірге келді
Азамат Бекет пен әйелі қаладағы №46 референдум учаскесіне барған
Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жұбайымен бірге Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Азамат Бекет пен әйелі таңғы сағат 09:00-де №30 орта мектепте орналасқан №46 референдум учаскесінде дауыс берген.
«Қала бойынша 343000 адам референдумға қатыса алады. Бүгін 175 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Барлығы талапқа сай жабдықталған. Тұрғындардың келіп дауыс беруіне ешқандай кедергі жоқ. Мен референдумға қатысуды азаматтық борышым деп білемін. Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын ата-әжелеріміз де таңғы сағат 07.00-де келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Жастарымыз да белсенді», - деді Ақтөбе әкімі.
Айта кетейік, қаладағы референдум учаскелерінде қазір 1418 комиссия мүшесі жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ бүгін қаланың референдум учаскелерінде шағын жәрмеңкелер, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Қала әкімі жәрмеңкеден өнім сатып алып, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетті.
Ақтөбе әкімдігі хабарлап отырғандай, қаладағы №46 референдум учаскесінде тіркелген сайлаушылар саны – 2007 адам. Бірінші рет дауыс берген адамдардың саны – 21 кісі. Ал 20 адам үйден дауыс береді. Комиссия мүшелері оларға сағат 12-00-де барады.
«Қала тұрғындары таңертеңнен жақсы келіп жатыр. Екі сағат ішінде жүзге жуық адам дауыс берді. Бұл дауыс беру процессін 5 бақылаушы қадағалап отыр. Комиссия мүшелері өте үйлесімді жұмыс істеп жатыр, заң бұзу әрекеті тіркелген жоқ», - деп атап өтті №46 референдум учаскесінің төрағасы Айман Жанғасиева.
Айта кетейік, Ақтөбеде сағат 07.00-де 175 референдум учаскесі ашылды. Қаланың 343 000 тұрғыны дауыс беру құқығына ие. Оның ішінде 1650 адам үйден дауыс береді. Алғаш рет дауыс беретін жастардың саны - 5419.