Алматыдағы моренді көлдердің жартысына жуығы қауіпті
Тау төбесінде 37 көл болса, мамандар олардың 15-нің жарылу қаупі жоғары деп отыр

Мұздақтарда жатқан моренді көлдердің деңгейі Қарғалы, Ақсай, Кіші және Үлкен Алматы өзендері арқылы азайтылмақ. Алдағы айда 7 көлдің суы төменге жіберіледі. Қазір онда әлі мұз қатып жатыр.
Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері хабарлап отыр.
«Моренді көлдердің жағдайын жан-жақты бағалау мақсатында 11 мамырда «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары мен Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті аэровизуальдық тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша анықталғандай, аталған көлдер қысқы режимнен шығуда. 15 көлдің жарылу қаупі жоғары. Көлдің көбінің бетінде әлі мұз және қар жатыр, су ағуы байқалмайды. Сондықтан қала тұрғындары мен қала инфрақұрылымына қауіп төндірмейді. Сел жағдайы үнемі бақыланып отырады», - деді Алматы қаласы ТЖД баспасөз хатшысы Гүлдана Нұрымбетова.
Көлдегі су деңгейін төмендету үшін республикалық бюжеттен 43 миллион теңге бөлініп отыр. Суды сору маусым айында басталады.
Моренді көлдердің суын азайту үшін тау басына тікұшақ арқылы қуаттылықтағы жоғары 10 сорғы, 10 тұрғын үй модулі, сифон құбырлары және басқа да қажетті техникалық ресурстар жеткізіледі.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы