$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.09.2024, 02:00
Саясат

Google, Mastercard, Visa: ҚР Сыртқы істер министрі америкалық компаниялармен не жөнінде уағдаласты

М.Нұртілеу шетелдік инвестицияларды тарту саласындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті

Google, Mastercard, Visa: ҚР Сыртқы істер министрі америкалық компаниялармен не жөнінде уағдаласты
Фото: СІМ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жетекші америкалық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, олардың барысында тараптар одан әрі ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«PepsiCo» компаниясының басшылығымен талқылау барысында қазақстандық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін азық-түлік өнеркәсібін дамыту және еліміздің экспорттық әлеуетін жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Google» компаниясымен кездесу «Google for Startups» бағдарламасы аясында өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған. Компанияның жасанды интеллект пен бұлтты технологияларды интеграциялау контекстінде тараптар отандық стартаптарды әлемдік нарықтарға жылжыту, сондай-ақ Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым мен инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

«Mastercard» компаниясымен бірлесіп іске асырылатын «Цифрлық елдік әріптестік» (Digital Country Partnership, DCP) бағдарламасы шеңберінде Министр цифрлық, қолма-қол ақшасыз экономиканы дамытуда Қазақстанның көшбасшылығын нығайту мақсатында қаржы инфрақұрылымын дамыту, финтех-шешімдерді енгізу үшін бірлескен жетістіктердің маңыздылығын атап өтті.

«Citi» компаниясымен кездесу барысында табысты 30 жылдық ынтымақтастықтың қорытындысы шығарылып, тұрақты қаржыландыру, сауда байланыстарын жақсарту және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мәселелері қаралды. СІМ басшысы компанияның елдің экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, шетелдік инвестицияларды тарту саласындағы кейінгі өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Қаржы саласының көшбасшыларымен келіссөздерді жалғастыра отырып, М.Нұртілеу «Visa» компаниясының өкілдерімен қаржылық инклюзивтілікті дамытуға және ел аймақтарын дамытуға бағытталған қаржылық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту және ауылдық өңірлерде цифрлық сервистерді жетілдіру жөніндегі бастамаларды талқылады.

Серіктес жаңалықтары