Грекияда өрт шығарған олигарх қазақтар жазаланбайтын болды

Темірхан Айжан

Яхта капитаны бар жауапкершілікті өз мойнына алған

Грекияда өрт шығарған олигарх қазақтар жазаланбайтын болды
Фото: ekathimerini

Грекияның Гидра аралындағы отшашудан кейін пайда болған орман өртіне байланысты жауапкершілікті яхтаның капитаны толық өз мойнына алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ekathimerini басылымына сілтеме жасай отырып. 

Қамауда отырған қайық капитаны 2 тамызда өз еркімен куәлік беріп, экипаж мүшелерін және қазақтың бай-манаптарын ақтап, қылмыс үшін жауапкершілікті өз мойнына алған.

Ол 15 отшашуды яхтаға алып кіріп, ешкімнің бұйрығынсыз өзі атқанын айтқан. Оның сөзінше, 14 отшашу аралға жетпей атылып кеткен, тек біреуі қарсы бағытта атылып, аралдың тік беткейіне соғылып, соның салдарынан өрт шыққан.

Яхта капитаны бұрынғы берген куәлігін жоққа шығарып, ол кезде қорыққандықтан, жалған сөйлегенін айтқан.

Еске салайық, Гидра аралындағы 300 мың шаршы метр жерді шарпыған орман өртінен кейін Грекияның прокуратурасы 8 қазақстандыққа айып таққан болатын, бірақ олардың Алматыға кетіп қалғанына байланысты, тергеп үлгірмеген. Грекия Қазақстан билігінен тергеуге көмектесуді сұрады.

Бұған дейін, Грекияда орман өртіне қатысы барлардың арасында олигарх Данияр Абылғазин мен оның әйелі Айдан Сүлейменованың және басқа да лауазымды тұлғалардың болғанын жазған болатынбыз.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.