Жапониялық JBIC банкінің Қазақстанға қатысты жоспары қандай

Молдатай Сымбат

Премьер-министр Жапония халықаралық ынтымақтастық банкінің төрағасымен кездесті

Жапониялық JBIC банкінің Қазақстанға қатысты жоспары қандай
Фото: primeminister.kz

Олжас Бектенов жапондық JBIC банкінің төрағасы Хаящи Нобумицумен кездесті, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

JBIC (Japan Bank for International Cooperation) Жапония халықаралық ынтымақтастық банкінің төрағасы Хаящи Нобумицумен қаржы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру туралы айтты.

«Жапонияның оңтүстігінде орын алған жер сілкінісіне байланысты хабарды өкінішпен қабылдадым. Ең бастысы, адамдар аман болып, табиғи апат ауқымды шығындарға алып келмейді деп үміттенемін. Жапония – біздің негізгі сауда-экономикалық әрі инвестициялық серіктесіміз. Бүгінде қазақ-жапон қатынасы кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында дамып келеді. Қазақстан Үкіметі ынтымақтастық көкжиегін кеңейту ниетін құптайды және бірлескен жобаларды іске асыруда қажетті қолдау көрсетуге дайын», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде JBIC төрағасы Хаящи Нобумицу ESG (Environment, Sustainability, Governance) шеңберінде «жасыл» қаржы және транзиттік қаржыландыру саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жапония – Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі серіктесінің бірі. Сонымен қатар, үздік-10 ірі инвестордың бірі.

Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы өткен жылы 10,5%-ға өсіп, $2,1 млрд-қа жетті. Биылғы қаңтар-мамыр айларында өзара сауда көрсеткіші $768 млн-ды құрады. 1993 жылдан бері Жапонияның Қазақстан экономикасына капитал салымдарының жинақталған көлемі шамамен $8 млрд-қа жетті.

JBIC Қазақстанда энергиямен және сумен жабдықтау, тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ көлік-логистика салаларында құны $2,3 млрд болатын 26 жобаны іске асыруды қаржыландырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.