Ортақ тарихи сюжеттерді экранизациялау қажет – Мемлекет басшысы

Молдатай Сымбат

Тоқаев ОА елдері басшыларына бірлескен медиаөнімдерді шығаруды ұсынды

Ортақ тарихи сюжеттерді экранизациялау қажет – Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық-сараптамалық саладағы ықпалдастықты жандандыру қажет екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы бірлескен медиаөнімдерді шығару жұмыстарын қолға алу жөнінде үкіметтерге тапсырма беруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ортақ тарихи сюжеттерді экранизациялауға, халықтарымыздың достығы мен ынтымағын дәріптеуге ерекше мән беру керек. Біз жалпыөңірлік телеарна және ақпараттық интернет-порталын ашу мәселесін талқыладық. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің телехабар тарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді әзірлеп, қол қоюдың маңызы зор», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның өңірлік серіктестікті жан-жақты нығайтуды және Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруды көздейтін стратегиялық бағдары өзгермейтінін атап өтті.

«Біз ұлттық деңгейде «Табысты Орталық Азия – Табысты Қазақстан» формуласын берік ұстанамыз. Өңіріміздің болашағы тек елдеріміз арасындағы сенімді диалог пен ынтымақтастыққа, барлық ішкі және сыртқы сын-қатерлерге лайықты жауапты бірлесіп іздеуге байланысты екеніне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Консультативтік кездесуде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке Консультативтік кездесудің келесі төрағалық міндетін табысты атқаруына тілектестік білдірді. 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.