Головкиннің 14 жасар ұлы Олимпиадада жүр - желіде әртүрлі пікірілер тарады
Вадим Геннадийұлы стадионда аккредитациядан өткен белгісі бар бейджик тағып отырған
Париж Олимпиада ойындарына Геннадий Головкиннің ұлы жанкүйер болып барған. Ол стадионда мойнына делегация мүшелеріне арналған аккредитация бейджіне ұқсас бауды тағып отырған. Бұл туралы Kozachkov offside телеграм арнасы жазып, көпшіліктің көңіліне күдік ұялатып қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Жанар Өтешова Париж олимпиадасына баратын делегация құрамына тек қажетті адамдардың енгенін, артық кісілерге аккредитация берілмегенін айтып мақтана жазды... бірақ ойындарды көріп отырып ҰОК президенті Геннадий Головкиннің ұлын көріп қалдым. Мойнына аккредитацияны еске түсіретін бауды тағып отыр екен. Ол сонда біреудің спарринг серіктесі мен әлде жаттықтырушы ма?», - деп жазды ол.
Авторға @ZhanarUtesheva есімді желі қолданушысы жауап берген. Бұл ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешова болуы керек. Ол Головкиннің ұлы Вадимді өз қаражатына алып барғанын жазған.
«ҰОК президентіне де, бас хатшысына да үйінен бір адамды немесе күзетші ретінде бір адамды алып баруына рұқсат етілген. Бұның бекітілген делегация құрамына әсер етпейді, бұл әдеттегі, көпке белгілі нәрсе. Иә, Геннадийдің ұлы Вадим Қазақстан құрамасын ойында қолдау үшін әкесіне еріп келді. Оны әкесі өз қаражатымен алып келді», - деп жазды ол.
ҰОК бас хатшысы Париж-2024 Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевтің неліктен делегация құрамына енбей қалғанына да жауап беріп өткен.
Айтуынша, Сметовтің Олимпиада ойындарына қатысатыны белгілі болған кезде оны аккредитациядан өткізу кеш болып кеткен.
«Олимпиада ойындарында тәртіп үнемі қатал. Егер тізімде жоқ болса, адамды жай ғана делегацияға қоса алмайсыз», - деді Өтешова.