Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта Мемлекет басшылары шағын құрамдағы кездесуге өтті 

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинді Ақордада қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшылары шағын құрамдағы кездесуге өтті.

Еске сала кетейік, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді елорда әуежайында күтіп алды. Бүгін таңертең Ресей президенті Владимир Путин Астанаға келді.

ШЫҰ-ны 2001 жылы алты мемлекет — Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан құрған. Кейінірек бірлестікке Иран, Үндістан және Пәкістан елдері қосылды.