«Қазақ-қытай байланысының жаңа парағы ашылады»: сарапшы ҚХР төрағасының сапары мен ШЫҰ саммиті туралы

Аягөз Құрмаш

Ол ШЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуіне жоғары баға берді 

«Қазақ-қытай байланысының жаңа парағы ашылады»: сарапшы ҚХР төрағасының сапары мен ШЫҰ саммиті туралы
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Қытайды зерттеушілер қауымдастағының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен ШЫҰ Астана саммитіне қатысты сарапшылық пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

3-4 шілде күндері Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті және Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапары өтеді.

Саясаттанушы ШЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығы қалай өткенін айтып берді.

«ШЫҰ-ның қазіргі таңдағы халықаралық мәртебесі жайлы айтсам,  ұйымға геосаяси, геоэкономикалық тұрғыдан ірі державалар кіреді. Қытай, Ресей, Үндістан, одан бөлек Орталық Азия елдері бар. ШЫҰ мүше мемлекеттер үлесіне әлемдік ішкі өнімнің шамамен 30 пайыздан астамы, әлем халқының 40 пайыздан астамы тиесілі. Бұл көрсеткіштер ұйымның маңыздылығы мен рөлін көрсетіп отыр. Жалпы ШЫҰ негізгі ынтымақтастығы  елдер арасындағы қарым-қатынасты күшейту, сауда, саясат, экономика, технологиялық байланысты дамыту», - дейді Майгельдинов.

Оның айтуынша, ұйым терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы өңірдегі қауіпсіздікті бірлесіп қамтамасыз ету мәселелерін де қарастырады.

«Осы тұрғыдан алғанда еліміздің ШЫҰ-ға төрағалығы жоғары деңгейде өтті деп айтсақ та болады. Қазақстан өз төрағалығында ұйымның күн тәртібіндегі мәселелерді қозғап қана емес, «Шанхай рухын» көтеру мақсатында бірқатар іс-шара өткізді. Жалпы 100-ден астам ауқымды іс-шара өтті. Оның ішінде мүше мемлекеттердің түрлі ведомстволарының кездесулері, іскерлік кеңестер ұйымдастырылды. Терроризм, экстремизм мен сепаратизмге қарсы іс-қимылға арналған отырыстар да ұйымдастырылды», - дейді ол.

Сарапшы ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің сапарына ерекше тоқталып өтті.

«ҚХР төрағасының Қазақстан сапары мен ШЫҰ саммитіне қатысуына орай мақаласы жарияланды.  Мақалада ол алдағы сапарының негізгі бағыттарын да атап өткен. Біріншіден, төраға екі ел арасындағы саяси ынтымақтастықты нығайтуға аса назар аударып отыр. Қытай еліміздің аймақтық тұтастығы, тәуелсіздігі мен ұлттық бірегейлігіне маңызды басымдық беріп отыр. Бұл көрші елдің ел тұрақтылығына оң көзқараспен қарайтынын байқатады. Ірі державаның осындай кепілдік беруі өте маңызды. Екіншіден, экономикалық байланыстарды нығайту мәселесі тұр. Бұл тұрғыда өз мақаласында ҚХР төрағасы «Бір белдеу-бір жол» бастамасымен Қазақстанның «Әділетті Қазақстан» экономикалық бағдарламасын ұштастыруды ұсынды. Бұл жерде екіжақты мүдделер көзделе отырып, елдер бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін көрсетіп отыр», - дейді Қазбек Майгелдинов.

Саясаттанушы атағандай, үшінші бағытқа әлеуметтік сала жатады.

«Бейжің Астанаға ғылыми зерттеулер, мәдени байланыстарды нығайту үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Қазақстанда екі жыл бұрын дәл осы мақсатта «Қытайды зерттеушілер қауымдастығы» құрылған болатын. Бұл да екі елдің сарапшыларын бірлескен жобаларға ұйытқы болуға, бірлескен жоба жүргізуге мұрындық болуға, екі елдің бір-бірін терең зерттеуге, білуге, мүмкіндік береді. ҚХР төрағасы мәдениет және білім беру ынтымақтастығынан бөлек, қауіпсіздік мақсатына аса мән беріп отыр. Бұл Қазақстанның да күн тәртібінен түскен емес. Яғни, біздің елде мемлекет басшысы өңірлік қауіпсіздікті, ұлттық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныс пен бастамаларын БҰҰ мінберінен, ШЫҰ аясында да ұсынып жүр», - дейді Қазбек Майгельдинов.

Сарапшының айтуынша, Си Цзиньпиннің сапары Қытайдың халықаралық саясаттағы маңызды рөлін және оның Қазақстанмен байланысын нығайтудағы ұмтылысын айғақтайды.

«Қытай жетекші экономика бола отыра өзінің көршісі - Қазақстан сияқты мемлекетпен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған бастамаларын ұсынып отыр. Қазақстан да осы тұрғыда мемлекеттік мүддесін ілгерілете отырып, осындай ынтымақтастыққа дайын екенін көрсетті. Сондықтан алда өтетін ҚХР төрағасының  мемлкеттік сапары аясында, ШЫҰ саммиті аясында қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа парағы ашылады. Бұл тұрғыда біз үшін экономикалық, технологиялық, халықаралық арендағы рөлімізді анықтауда өте маңызды оқиғалар болмақ. Еліміз қытай нарығына жол ашып, қытай экономикасының жетістіктерін өз кәдемізге жарататын болса, барлық тараптан оңтайлы әсер етеді», - деп түйіндеді саясаттанушы.

Еске салсақ, 2-4 шілдеде ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапары өтеді. Ол ШЫҰ Астана саммитіне қатысады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.