Мемлекет азаматтардың өз ұстанымдарын еркін білдіруі үшін үлкен қадамдар жасай береді – Ерлан Қарин

Azattyq Rýhy

Мемлекеттік кеңесші пікірін әлеуметтік желіге жазды

Мемлекет азаматтардың өз ұстанымдарын еркін білдіруі үшін үлкен қадамдар жасай береді – Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин telegram арнасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында жалпыұлттық деңгейдегі ауқымды мәселелерді қозғады деген пікірін жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстанның көптен бері жаңа саяси ахуалда өмір сүріп жатқаны туралы айтты. Мұны ең басты тезистің бірі деуге болады. Соңғы бес жылда елімізде ауқымды әрі түбегейлі өзгерістер болды. Қазақстанда жүргізілген институционалдық реформалардың арқасында жаңа теңдестірілген билік жүйесі қалыптасты. Соның аясында Парламенттің ықпалы айтарлықтай ұлғайып, Үкіметтің жауапкершілігі артты, Конституциялық Сот құрылды», - дейді Қарин.

Мемлекеттік хатшының пайымынша, азаматтардың әлеуметтік белсенділігі мен саяси мәдениетінің артуы – жаңа саяси ахуалдың айқын көрінісі.

«Мемлекет азаматтардың өз ұстанымдарын еркін және ашық білдіруі, шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуы үшін үлкен қадамдар жасады, жасай береді де. Соның арқасында бүгінде біз саяси және әлеуметтік мәдениетте сындарлы диалог, демократия және конструктивизм қағидаттарына негізделген мүлде жаңа нормалар мен стандарттарды қалыптастырдық. Қазақстандағы өзгерістердің маңызды және жарқын көрсеткіші – нақты пікір плюрализмі. Қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналған сөз бостандығы қазірдің өзінде қалыпты жағдай саналады. Бұл ең әуелі Президент ұсынған «әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидасының арқасында мүмкін болып отыр. Жалпы, Мемлекет басшысының бұл сөзінде Әділетті Қазақстан құру бағытының өзгермейтіндігі, басталған кешенді реформалардың кері қайтпайтындығы және бұл үдерістегі қоғам мен азаматтардың рөлі айрықша екендігі туралы маңызды месседждер бар», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.