$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Заңсыз барғандар - өліп жатыр, ресми барғандар салқындап жүр»: Меккедегі жүздеген мүрде кімдікі

Ресми деректерге сәйкес, 2019 жылы Сауд Арабиясының бюджетіне қажылық пен умрадан 12 млрд АҚШ доллар пайда түскен

«Заңсыз барғандар - өліп жатыр, ресми барғандар салқындап жүр»: Меккедегі жүздеген мүрде кімдікі
Фото: Reuters

Сауд Арабиясының билігі Меккеге құлшылық жасаймын деп барып, өлім құшып жатқан жүздеген адамды ресми тіркемеген. Олардың көпшілігі кондиционері бар автобустардың қызметін пайдалана алмай, салқындауға шатырларға кіре алмай өліп жатыр. Бұл туралы Reuters көлемді зерттеу мақаласын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Климаттың өзгеруіне байланысты жылдан-жылға күн ысып, өлім-жітімді көбейтіп жатыр. Бұл қажылықты ұйымдастырып отырған жауапты адамдардың мойына үлкен жауапкершілік жүктейді. Өкінішке қарай, қажылықта адамға қажетті базалық қызметтерді ресми тіркелгендер ғана алады, оның үстіне қалтасы жұқаларға қызметтер қымбатқа түседі.

Сондықтан кейбір мұсылмандар Сауд Арабиясына виза алудың жеңілдетілген түрін қолданып, арзанырақ бейресми маршруттармен келуге мәжбүр болады.

Үкіметтің саясатын сынаушылар қажылыққа ресми тіркелмей келген адамдар да көмек алуға құқылы болуы тиіс дейді. Елдің денсаулық сақтау министрі Фахад-әл Жәлажел 141 мың заңсыз келген қажыға жәрдем берілгенін мәлімдеді.

Алайда министр ресми құжаты жоқ қажылар аптап ыстықта күннің астында ұзақ жол жүріп келгенін және қайтыс болған 1301 қажының 83%-ы тіркелмеген адамдар екенін мойындады.

Reuters-ке сұхбат берген куәгерлердің бірі Меккеге барар жолдағы шатырлар қаласы Минаға жақын тасжолда мыңдаған адам 50 градус ыстықта жаяу кетіп бара жатқанын көрген. Ресми құжаты бар қажылар қоғамдық көлікпен бара жатқанда, тіркелмегендер аптап ыстықта жаяу жүрген. Ал жергілікті шенеуніктер автобустарда тек тіркелген қажылар отырғанына көз жеткізу үшін оқтын-оқтын тексеріп отырған.

Биыл Меккеге 2 миллионға жуық адам қажылыққа аттанды, оның қаншасы бейресми сапарлағаны белгісіз. Сауд Арабиясының қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі директоры Мұхаммед бен Абдалла Әл-Басамидің сөзінше, осы айда Меккелік емес 171 587 адам депортацияланған.

Меккеде ыстықтан қайтыс болу оқиғалары бұрыннан бар, бірақ климаттың өзгеруі өлім-жітім жағдайын өршіте түсті. Зерттеулер көрсеткендей егер ғалам тағы 1,5°C-қа ыситын болса, қажылықта күн өту қаупі 5 есеге ұлғаяды. 2030 жылы әлем осы деңгейге жетеді деп болжанып отыр. Ғалымдар ғаламдық жылыну процесі ары қарай да жалғаса бермек дейді.

Мұндай қатерлі болжамдар Сауд Арабиясының билігін толғандырмайды, себебі олар мұнайға тәуелді экономикасын туристік бағытқа бұрумен айналысып жатыр. Елдің туристік әлеуетінен көбірек пайда табу үшін 2030 жылға қарай қажылыққа келетіндер санын 30 миллион адамға көбейтуді көздеп отыр. Сонымен қатар умра қажылығына келгендерді жыл бойы үздіксіз қабылдамақ.

Ресми деректерге сәйкес, 2019 жылы Сауд Арабиясының бюджетіне қажылық пен умрадан 12 млрд АҚШ доллар пайда түскен.

Қажылық турлардың бағасы адам басына 5000 – 10 000 доллардан келеді. Сондықтан қарапайым көпшілік заңсыз тур-пакеттерді таңдайды.

Үндістандық қажы Әлия Асма Reuters-ке берген пікірінде арзанырақ тур-пакеттерді сатып алғандарды 80-200 адамнан шатырларға кіргізген дейді. Адамдар лық толы шатырларда бәріне салқындауға мүмкіндік болмаған. Ислам мұрасын зерттеу қорының атқарушы директоры Ирхан әл-Алавидің сөзінше, қажылыққа барған байлар сән-салтанаты келіскен пәтерлерде тұра алады.

Сауд Арабиясы ресми тур-пакеттерін қорғап отыр. Қажылық қарсаңында Ішкі істер министрлігі адамдарды заңсыз қажылыққа апарғандар алты айға дейін бас бостандығынан айырылып, 50 000 риалға (13 000 АҚШ доллары) дейін айыппұл төлейтінін ескерткен.

Серіктес жаңалықтары