Қазақстанда соңғы 3 айда азық-түлік өндірісінің көлемі артқан

Алайда, еліміз әлі күнге дейін импортқа айтарлықтай тәуелді

Қазақстанда соңғы 3 айда азық-түлік өндірісінің көлемі артқан
Фото ашық дереккөзден

Қазақстан импортқа тәуелділікті азайту үшін азық-түліктің негізгі түрлерінің өндірісін арттырды. Қаңтар-наурыз айларында 428,24 млрд теңгенің тауары өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,5 пайыз өсімді көрсеткен, деп жазады Energyprom.kz.

Азық-түлік өндірісі бойынша Алматы облысы (64,71 млрд теңге), Қостанай облысы (54,72 млрд теңге) және Алматы қаласы (54,7 млрд теңге) көш бастап тұр.

Ал ең көп өндірілген азық-түлік тауарларының алғашқы үштігін ұн мен дәнді дақылдар өнімдері (87,6 млрд теңге), ет өнімдері (75,3 млрд теңге) және сүт өнімдері (68 млрд теңге) құрады.

ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Қазақстан азық-түліктің негізгі түрлері бойынша әлі де импортқа айтарлықтай тәуелді. Мәселен, еліміздегі құрғақ сүттің 95 пайызы шетелден әкелінеді. Сонымен қатар, қант, құс еті, алма және өзге де тағамдарды шетелден сатып алуға мәжбүрміз.

Қазіргі пандемия уақытында бүкіл әлем елдері шекарасын жауып, азық-түлікке деген сұраныс арта түскен. Мұндай сәтте импорттан бас тартып, халықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге тура келетіні анық. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, мемлекет аталған саладағы инвестициялық жобаларды жедел жүзеге асыру үшін 300 млрд теңге қаражат бөлген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.