$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.04.2020, 15:39
Саясат

АҚШ Green Card беруді уақытша тоқтатады

Өтініштерді мақұлдау 60 күнге шегерілмек

АҚШ Green Card беруді уақытша тоқтатады

АҚШ Президенті Дональд Трамп кеше шетелдіктерге Америкада тұруға рұқсат беретін құжатты рәсімдеуді тоқтата тұру туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC порталына сілтеме жасап.

Green Card алуға өтініштерді мақұлдау 60 күнге шегерілмек. Экономикалық жағдайға байланысты шектеу ары қарай да созылуы мүмкін. Трамп мұндай әрекетке коронавирус пандемиясы тудырған дағдарыс кезінде АҚШ-тың өз азаматтары үшін жұмыс орындарын сақтап қалу үшін барғанын айтқан.

«Ақ үй жариялаған қаулы мәтініне сәйкес, шектеу тек әлі иммиграциялық құжатқа өтініш бермеген, әлі АҚШ-қа бармаған шетелдіктерге қойылған. Мысалы, қолында иммигациялық визасы, Green Card-ы бар немесе Американың аумағында сол жерде уақытша өмір сүруге ықтиярхат алуға дайындалып жүрген азаматтарға тыйым болмайды», - деп жазады портал. 

Сонымен бірге, коронавируспен күреске атсалысып жатқан медициналық қызметкерлерге, егін жинайтын ауыл шаруашылығы жұмысшыларына, АҚШ қарулы күштерінің шетелдік әйелдері мен балаларына, АҚШ азаматтары асырап алатын балаларға және инвестициялық виза иелеріне жаңа қаулы әсерін тигізбейді. Американың ұлттық қауіпсіздігі мүддесі үшін көшіп баратындар мен АҚШ әскеріне көмектесетін Ирак, Ауғанстан азаматтарына берілетін «айрықша» виза түрлері де тоқтатылмайды.

«Көптеген сарапшылар Трамптың бұл қаулысын өзінің о баста шетелдіктерді кіргізбеуге деген ниетін сатылап жүзеге асыру әрекеті деп бағалады. Миграциялық зерттеу институтының зерттеуі иммигранттар елдегі жұмыс күшінің 17%-ын ғана құрайтынын, алайда дәл солар пандемиямен күреске атсалысып жатқанын көрсеткен. Мысалы, АҚШ-тағы барлық иммигранттардың 29%-ы дәрігер, 38%-ы әлеуметтік жұмысшы, науқастарға үйде жәрдем беруші, 34%-ы қоғамдық көлік жүргізушісі, ал 16%-ы азық-түлік дүкені сатушысы болып істейді», - делінген мақалада.  

Бірақ соңғы апталарда АҚШ-тың 22 млн өз азаматы жұмыссыздыққа байланысты берілетін жәрдемақыға өтініш толтырған.

Green Card – иммигранттарға АҚШ-та өмір сүруге (бес жыл - авт.), әрі қарай АҚШ азаматығын алуға өтініш білдіруге мүмкіндік беретін құжат. Жыл сайын Мемлекеттік департамент 1 миллионға жуық Green Card береді. Оны алатындардың 70%-ы АҚШ-та тұратындардың басқа елдегі туыстары. Көп жағдайда Америкада стандартты визамен уақытша жүрген адамдар Green Card алып, тұрақтап қалады. Сонымен бірге, жыл сайын АҚШ Мемлекеттік департаменті лотерея арқылы 50 мың адамға осы құжатты береді. Жыл сайын Green Card-қа 100 мыңнан астам қазақстандық өтініш толтырады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#АҚШ #Виза #Green Card