2023 жылы 11 шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөнінде кеңес өткізген
Былтыр шілде айында президент Астананың даму мәселелеріне қатысты үлкен жиын өткізіп, қаланың проблемаларын тізіп берді. Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жайлы өмірі үшін маңызы зор коммуналдық мекемелерді салаға мүлде қатысы жоқ басшылардың басқаратынына назар аударды. Айтуынша, «елорданың жылу электр стансасын заңгер, Астана аймақтық электр желілік компаниясын бағалаушы, жылу транзитін агроном, қалалық су арнасы мекемесін зоотехник басқарады». Президент Астана әкіміне кемшіліктерді түзеп, олқылықтардың орнын толтыру үшін бір жыл уақыт берген еді. Azattyq Rýhy тілшісі қала басшылығы Тоқаевтың сынынан қандай ой түйгенін зерделеп көрді.
Президент әр жиында шенеуніктерді ашықтыққа шақырса да, жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр. Олай дейтініміз, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бұрынғы һәм қазіргі басшылары туралы ақпарат жоқтың қасы. Тіпті ресми сайттардың өзінен де мағлұмат таппайсың.
Ал енді президент шүйліккен коммуналдық мекемелердің басшыларына жеке-жеке тоқталсақ.
Украина тумасы «Астана-АЭК»-те не істеп жүр
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Астана аймақтық электр желілік компаниясын (Астана-АЭК) басқарған бағалаушы – 1984 жылғы Ерлан Бердалин. Оның бұл қызметке қашан тағайындалғаны туралы мәлімет жоқ. Есесіне жылы орнын қай уақытта босатқаны белгілі.
Бердалин 2023 жылы тамызда «Астана-АЭК» АҚ басқарма төрағасы лауазымындағы жұмысын аяқтаған. Яғни Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиыннан бір ай өткен соң кеткен.
Ерлан Бердалин
Биыл қаңтарда ол Астананың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына басшы болғанын сүйіншіледі. Алайда жаңа қызметте ұзақ тұрақтамаған. Бәлкім, мамандығы келмеген болар. Мемлекеттік органның сайтында басқарманың қазіргі басшысы ретінде Дәулет Досқұлов көрсетілген. Айта кетері, Ерлан Бердалин бір жылдары «Елорда құрылыс» компаниясының директоры болған. Ал «Астана-АЭК» АҚ-ның қазіргі басқарма төрағасы – Руслан Әбжанов. 2023 жылы 22 қарашада тағайындалған.
Руслан Әбжанов
Жасы 46-да, Украина тумасы. Мамандығы – «Ауыл шаруашылығын энергиямен жабдықтау және электрлендіру». Бұған дейін Астана-АЭК-те әртүрлі басшылық лауазым атқарған. 2022 жылы ТМД-ның құрметті энергетигі атанған. Руслан Әбжановтың бес орынбасары бар, барлығы қызметке былтыр келген.
Тоқаев айтқан заңгер кім
Елордада үш жылу электр стансасы жұмыс істейді. Әрбірінің өз директоры бар.
ЖЭО-1 – Нұрлан Сұлтанбеков;
ЖЭО-2 – Уәлихан Асқарбеков;
ЖЭО-3 – Еркеғали Есенжолов.
Алғашқы екеуінің өмірбаянын интернеттен көп іздеп, таба алмадық. Ал 63 жастағы Есенжоловтың Қазақстанның құрметті энергетигі екенін білдік. Жоғары оқу орнын «Ауыл шаруашылығын электрлендіру» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2000 жылдардың басында аудан әкімі болған. Астана қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты.
Еркеғали Есенжолов
Президент «елорданың жылу электр стансасын заңгер басқарады» дегенде кімді меңзегенін нақты білмейміз. Себебі ЖЭО-ның бұрынғы бастықтары туралы мағлұмат жоқ. Бірақ...
Осы үш жылу электр орталығы «Астана-Энергия» АҚ-ға қарайды. Оның қазіргі басқарма төрағасы – Қазбек Қажкенов. Айтпақшы, бұл кісінің өмірбаяны да құпия сақталған.
Ал Қажкеновке дейін, 2022 жылғы 15 маусымнан 2023 жылғы 28 шілдеге дейін компанияны Нұрлан Көпешов басқарған. Естеріңізде болса, президент Астананың дамуына қатысты үлкен жиынды 2023 жылғы 11 шілдеде өткізген. 35 жастағы Көпешовтің төрт бірдей дипломы бар, бірақ бәрі энергетика саласынан алыс. Ең бірінші алған мамандығы да – «Халықаралық құқық». Алғашқы еңбек жолын «Медикер» ЖШС-да заңгер болып бастаған.
Көпешовтің биографиясын қарап отырып, шенеуніктің энергетикаға деген махаббаты ерекше ме дедік. «Астана-Энергия» АҚ-ның креслосын босатса да, көп ұзамай Астана қалалық энергетика басқармасының басшысы болып тағайындалған.
«Астана-Жылу транзитінің» басшысын Жеңіс Қасымбекпен не байланыстырады
Қаладағы тағы бір маңызды коммуналдық мекеме – «Астана-Жылу транзит» АҚ. Компания елордалықтарды жылу энергиясымен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз етумен айналысады.
Ашық дереккөзден 2023 жылдың басында компанияны Бағдат Азбаев басқарғаны туралы мәлімет таптық. Қазақ аграрлық университетін «орман шаруашылығы инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Екінші мамандығы да – «экономика және бизнес». Әр жылдары ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты орман комитетін басқарған, БҚО әкімінің орынбасары болған.
Бұған қоса Азбаев былтыр Астанадан сенат депутаттығына өзін-өзі ұсынған. Бірақ небәрі алты дауыс жинап, өтпей қалды.
Қазіргі таңда Азбаевтың қай қызметте екені туралы дерек жоқ. Алайда Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстары мен Алматы қаласында жайлы мектептердің құрылысы мен уақытылы іске қосылуын қадағалау міндеті соған жүктелген.
«Астана-Жылу транзитінің» арғы-бергі басшыларының аты-жөнін іздеп отырып, қазіргі басқарма төрағасы туралы қызық дерек таптық. Қайрат Баяндинұлы Бегімов бұл компанияға былтыр тамыз айында келген.
Қайрат Бегімов
56 жастағы шенеуніктің Астана әкімі Жеңіс Қасымбекпен қандай байланысы бар дейсіз ғой? Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының әкімі болғанда, Бегімов Жезқазған және Теміртау қалаларын басқарған. Яғни Қасымбектің қол астында қызмет еткен. Қасымбек Астанаға әкім болып ауысқан соң, Бегімов те көз ұзамай елордаға қарай жылжиды. 2023 жылғы наурызда «Астана-АЭК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болады, араға жарты жыл салып «Астана-Жылу транзит» АҚ-ның тізгінін қолына алады.
Астана әкімі лауазымына енді тағайындалғанда Жеңіс Қасымбек Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында «командамнан елордаға ешкімді әкелмеймін» деп сөз берген еді. Қала басшысы «төртінші билікке» берген уәдесін ұмытты ма, жоқ әлде Бегімовтің артынан еріп келгенін «командалық ауысу» деп санамай ма, ол жағы бізге беймәлім.
Қайрат Бегімовтің жылу транзитіндегі қызметін қайдам, бірақ Теміртау әкімі болғанда халықтың үмітін ақтамаған секілді. Желіде Бегімовтің Астанаға ауысатыны туралы жарияланған постта бәрі бұрынғы әкімді жамандап тастаған. Шенеунік туралы оң пікір қалдырғандар жоқтың қасы.
«Астана Су арнасының» зоотехник бастығы
Былтырғы жиында Тоқаевтан қалалық су арнасының «зоотехник» бастығы да сөз естіді.
«Астана Су арнасы» АҚ ресми сайтында коммуналдық мекемені 2016 жылдан күні бүгінге дейін Зейнұлқабден Табиғат Қабденұлы басқаратыны көрсетілген. Өмірбаянына көз жүгіртсек, «экономист-менеджер», «юриспруденция» және «су ресурстары жен су пайдалану» мамандықтарын меңгерген. Судан хабары бар адамға ұқсайды.
Табиғат Зейнұлқабден
1974 жылғы Табиғат Зейнұлқабден былтыр сенат депутаттығына үміткер болған. Бірақ парламентке өткен жоқ.
Елорданың тазалығын кім бақылайды
Қала көшелерін қоқыстан тазартып отыратын «Астана Тазалық» кәсіпорны бар. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті Замир Сағынов басқарады. Бұл қызметке екі ай бұрын ғана келген.
1966 жылғы, мамандығы – инженер-құрылысшы. Жол саласында мол тәжірибесі бар, «Құрметті жолшы» деген құрмет белгісін де алған. Алайда инженер-құрылысшының «Астана Тазалыққа» қандай қатысы бары түсініксіз.
Замир Сағынов
Айтпақшы, Сағынов «Астана Тазалыққа» дейін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығын» басқарған. Былтыр осы орталықтың БҚО-дағы филиалының бұрынғы басшысы пара алғаны үшін 10 жылға сотталды. Сот отырыстарының біріне Замир Сағынов та куәгер ретінде онлайн қатысқан. Ол қарамағындағы қызметкерінің қылмысынан хабарсыз болғанын айтты.
Тағы бір басшы Астана әкімімен бұрын қызметтес болған
Астана әкімдігіне қарайтын «City Transportation systems» ЖШС-ны қазір Асылбек Дүйсебаев басқарады. Ашық дереккөзге сүйенсек, мамандығы – экономист. Ал CTS міндеттеріне Астана қаласының жаңа көлік жүйесін құру, елорда халқының мобильдігін арттыру және тағы басқа кіреді.
Асылбек Дүйсебаев
Дүйсебаевтың биографиясына зер салсақ, оның Жеңіс Қасымбекті жақын танитынын аңғарамыз. Қасымбек Қарағанды облысын басқарып тұрғанда, Дүйсебаев оның бірінші орынбасары болған. Алайда 2022 жылғы қазанда ол қызметінен босатылады, артынша екі айдан кейін Жеңіс Қасымбек те Астанаға кетеді.
Асылбек Дүйсебаев CTS басшылығына қашан келгені туралы ақпарат жоқ.
Тоқаевтың Қасымбекке берген уақыты аяқталуға жақын
Президент Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт берген еді. Яғни биыл 11 шілдеде мерзім аяқталады.
"Әкімге қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт беремін. Сіздің жұмысыңыз менің бақылауымда болады. Барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бірақ жұмыстың негізгі өзегі – сіздің қолыңызда. Табыс тілеймін", - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.
Azattyq Rýhy осындай материалдар сериясын жалғастыра отырып, әр өңірдегі ірі кәсіпорындарды басқаратын адамдардың мамандығы кім, жұмыс өтілі қандай және кіммен байланысты екенін жазады.