Әкесінің ықпалы, командалық ауысу, ЛРТ, Талдыкөл: Жеңіс Қасымбек Астана әкімі ретінде алғаш сұхбат берді
Қазір қала бойынша 47 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Azattyq Ruhy тілшісі Астана қаласының су жаңа әкімі Жеңіс Қасымбекпен сұхбаттасты.
– Жеңіс мырза, Астана қаласы әкімінің қызметіне тағайындалғаннан кейін жұмысыңызды алдымен неден бастайын деп жатырсыз?
– Проблемалар көп. Сол себепті нақты осы істен бастаймын деп айта алмаймын. Кеше ғана құрылысы ұзаққа созылған нысандардың үлескерлерімен кездестім. Тұрғын үй мәселесі бар, сол сияқты коммуналдық шаруашылықта да мәселелер бар. ЛРТ бар.
– Командалық ауысу бола ма?
– Ешкімді әкелмеймін.
– Әкеңіздің лауазымы қандай және сіздің әкім болып тағайындалуыңызға ол кісінің ықпалы болды ма?
– Ол кісінің ешқандай ықпалы болған жоқ.
– Астана тұрғындарымен кездесуді қашанға жоспарлап отырсыз?
– Осы жылдың соңына дейін, яғни жаңа жылға дейін кездесемін. Бірақ қазірдің өзінде кездесулер басталды. Екі күн бұрын үлескерлермен кездестім. Мұндай кездесулер күнде өтіп жатыр.
– ЛРТ-ның «тағдыры» не болады?
– ЛРТ жобасы аяқталады. Алдағы екі-үш жылда. Бар мәселе – қаржыландыруда.
– Ал Астананы газдандыру жобасы жалғаса ма?
– Жалғасады. Газдандыру қарқыны тоқтамайды. Қазір жеке секторлардың бәрінде газдандыру жұмысы жүріп жатыр.
– Қарағанды облысында жұмыс істеген ыңғайлы ма, әлде Астанада ма?
– Бұл сұраққа әзірге жауап бере алмаймын.
– Ал Талдыкөлдің тағдыры не болады?
– Талдыкөлге қатысты әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Жұмысқа кіріскеніме екі-үш күн болды. Сондықтан, белгілі бір уақыт өткен соң БАҚ өкілдерімен кездесемін, әрбір мәселе бойынша, кездесіп, ақылдасып отырамын.
– Астананың қазіргі ең маңызды проблемасы қайсы деп ойлайсыз?
– Проблема көп. Нақты біреуінен бастап, жұмысқа кірісемін деп айта алмаймын. Олардың бәрі маңызды. Қазір қала бойынша 47 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр, оның жартысы – көпбалалы отбасылар. Сол кісілердің проблемаларын шешу керек. Коммуналдық желілердің тозғаны бар, оны да шешу керек.
– БАҚ өкілдерімен қашан кездесесіз?
– Осы жылдың соңына дейін бір аудан тұрғындарымен кездескенде, сол жерде сұхбат беріп, жеке қабылдау өткізуге дайынмын. Журналистерге әрдайым ашықпын.