Президент Сингапурда бірқатар кездесулер өткізді

Azattyq Rýhy

Ол SOVICO Group басшысы Нгуен Тхань Хунгпен және Indorama корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Амит Лохиамен кездесті 

Президент Сингапурда бірқатар кездесулер өткізді
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдағы сапарында SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ақорда хабарлағандай, кездесу кезінде  SOVICO Group компаниясының Қазақстан экономикасындағы түрлі секторға әлеуетті инвестор ретінде қатысу перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысының пікірінше, SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын сатып алуға ниет білдіруі вьетнамдық конгломераттың біздің өңірде азаматтық авиацияны дамытуға қатысты аса маңызды жоспары бар екенін көрсетеді.

Нгуен Тхань Хунг компанияның Қазақстандағы бірнеше әуежайды басқаруға алу, сондай-ақ логистикалық қоймаларға инвестиция құю ісіне қызығушылық танытатынын жеткізді. SOVICO компаниялар тобының құрамына кіретін Vietjet Air авиакомпаниясы еліміз арқылы жүк және жолаушылар тасымалдайтын әуе рейстерінің санын біртіндеп көбейтіп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Вьетнам мен Сингапур инвесторлары қатысатын үшжақты серіктестік құру ұсынылды. Аталған бастама авиация, тау-кен өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері, «ақылды қалалар» және активтерді басқару секілді түрлі салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге бағытталған.

Мемлекет басшысы компанияның әртараптандырылған бизнес жүргізуде тәжірибесі мол екенін ескеріп, өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Кездесу барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SOVICO компаниялар тобына кіретін Aviation Holdings Company арасында Qazaq Air авиакомпаниясын сатып алу шарттарына қатысты міндет жүктейтін ұсынысқа қол қойылғаны жөнінде хабарланды. Алдын ала жасалған уағдаластықтарға сәйкес инвестор 5 жыл ішінде Boeing 737-Max8 және Airbus A320/321 модельді кемінде 20 ұшақ әкелуді жоспарлап отыр. Сатып алу-сату шартына қол қою және мәмілені аяқтау жұмыстары жақын арада іске асырылмақ.

Бұдан өзге, Қасым-Жомарт Тоқаев Indorama корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Амит Лохианы қабылдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында мұнай химиясы өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын – Indoramа корпорациясы басшыларының бірі Амит Лохиамен кездесті. Сингапурда орналасқан Азиядағы жетекші химия өнеркәсібі холдингінің 32 елде 136-дан астам өндіріс алаңы бар. Сондай-ақ әлемдегі ең ірі компаниялардың – Forbes Global 2000 тізіміне кіреді.

Айта кетейік, Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен SOVICO Group арасындағы Стратегиялық серіктестік жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.