$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Президенттің Ассамблея басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындау туралы ұсынысы жігерлендіреді – Қошанов

Президент бұл бастаманы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтқан

Президенттің Ассамблея басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындау туралы ұсынысы жігерлендіреді – Қошанов
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ассамблея құрылымдары басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынды. Бұл бастама жастарды жігерлендіре түсері сөзсіз. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қошановтың айтуынша, сессияның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» өрлеу тақырыбын арқалауы бекер емес.

«Бірлік – біздің басты байлығымыз. Ел басына қандай қиындық түссе де, береке-бірлігіміздің, ырыс-ынтымағымыздың арқасында еңсеріп келеміз. Биылғы су тасқыны да ұлтты ұйыстыра түсті. Ел болып жұмылып, бұл сынаққа да төтеп бердік. Қазір судың беті қайта бастады. Бірте-бірте өмір де өз арнасына түседі. Ендігі міндет – тасқыннан зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеу. Ол туралы Президентіміздің бірнеше тапсырмасы бар. Бүгін тағы шегелеп айтты. Ешкім де елеусіз қалмайды. Кейбір ауылдар мүлде жаңа келбетке ие болатынын атап өтті. Бұл сөз халқымызға дем берді деуге болады. Бастысы – мемлекет шығынды түгел өтейді. Оған ешкімнің күмәні болмауы керек. Сын сағаттарында бәріміз Мемлекет басшысының төңірегіне топтасып, біртұтас ұлт екенімізді көрсете білдік. Азаматтарымыздың, кәсіпкерлеріміздің, волонтерлеріміздің еліне, ұлтына деген жанашырлығы, адалдығы айқын көрінді», - дейді мәжіліс спикері.

Қошанов атап өткендей, осындай қиын жағдайды пайдаланып, қоғамға іріткі салғып, ынтымағына сызат түсіргісі келгендер де болған.

«Мемлекет басшысы қоғамды бірлікке емес, бүлікке үндейтін теріс пиғылды адамдардың іс-әрекетіне тосқауыл қойылатынын дөп басып айтты. Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігін, ынтымағын сақтау – басты міндет. Бұл – біздің берекелі өміріміздің, тұрақты дамуымыздың кепілі. Біз осыған күш салуымыз керек. Осы айрандай ұйып отырған еліміздің бірлігін одан әрі нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек екені анық. Көпұлтты жұртымыздың біртұтас халық ретінде қалыптасуында Ассамблеяның үлесі аз емес», - дейді Қошанов.

Мәжіліс спикері сондай-ақ президенттің осы құрылымның инстутитционалдық әлеуетін нығайту туралы тапсырмасына тоқталды.

«Алдағы уақытта Ассамблеяның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және жергілікті мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсартуға ерекше мән береміз. Бұл жұмысқа жастарымыз да ат салысады. Мемлекет басшысы Ассамблея құрылымдары басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынды. Бұл бастама жастарды жігерлендіре түсері сөзсіз. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде де Ассамблея маңызды рөл атқаратынын айтты. Мұндай қоғамдық кеселдерді түбірімен жоюға ел болып жұмылуға шақырды», - дейді ол.

Жалпы, Қошанов атап өткендей, Президент Ұлттық құрылтайда айқындалған идеологиялық бағдарымызды, қоғамның басты құндылықтарын тағы да күн тәртібіне шығарған.

«Алған бағытымыздан таймауымыз керек. Сонда ғана елдігімізді, егемендігімізді нығайта аламыз. Бүгінгі жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстан құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын», – деді. Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Осы жолда баршаңызды бірлігімізді бекемдеп, Мемлекет басшысына тірек болып, ел игілігі жолында адал қызмет етуге шақырамын», - деді сөзін түйіндеген ол.

Естеріңізге сала кетейік, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы онлайн-форматта өтті. 

Серіктес жаңалықтары