Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы мұқтаждарға құны 1,7 миллиард теңге көмек берген

Бұл туралы бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті

Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы мұқтаждарға құны 1,7 миллиард теңге көмек берген
Фото: Ақорда

Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында былтыр мұқтаж жандарға құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берген. Бұл туралы бүгін онлайн-форматта өтіп жатқан Ассамблея сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ су тасқыны кезінде Ассамблея мүшелері халықтың жанынан табылғанын атап өтті.

«Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.