«Азияның геокеңістіктегі рөлі артып келеді»: сарапшы Президенттің стратегиялық саясатының тиімділігі жайлы
Мемлекет басшысы ұстанған саясаттың нәтижесінде екі ел арасындағы ынгтымақтастық күшейе түсті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші елдермен қарым-қатынасты нығайту саясаты қарқынды жүзеге асырылып келеді. 28-29 наурызда Мемлекет басшысының ҚХР-ға жасаған жұмыс сапарында бірқатар бастамалар айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Президент Хайнань провинциясында өткен Боао Азиялық форумында жалпы Азия өңірінің дамуы мен қазақ-қытай қарым-қатынасының маңызды бағыттарын атап өтті. Атап айтқанда, біздің ел Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық өткізу пунктіне айналды.
«Қытайдың Еуропаға бағыттаған жүгінің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Бұл басымдықты біз барынша пайдалануымыз керек. Біздің стратегиялық инвестициямыз қазіргі заманғы модальдық инфрақұрылым құруға бағытталған», - деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент биыл әлемдік ЖІӨ өсімінің 67%-дан астамы Азияға тиесілі болатынын айтты. Бұл Азия өңірінің қарқынды дамып жатқанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді. Бұл ретте Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.
Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы, Қазбек Майгелдинов Боао Азиялық форумына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қонақ ретінде шақырылды.
«Президент форумның пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Жалпы бұл форумның маңыздылығы өте жоғары. Себебі Президент атап өткендей, қазіргі таңда Азияның қайта өрлеуі дәуірінде осы аймақ елдерінің экономикалық, саяси тұрғыдан әлемдік геокеңістіктегі рөлі артып келеді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Боао Азиялық форумы платформасының ынтымақтастық алаң ретіндегі маңыздылығын атап өткен болатын. Сонымен қатар бүгінгі таңда Қытайдың жаһандық дамуға деген қосып жатқан үлесі туралы атап өткен жөн», - дейді ол.
Саясаттанушы атағандай Қытай әлем бойынша қазір екінші экономика болып есептеледі.
«Қытай қазір экономикалық тұрғыдан дамыған алпауыт елдердің қатарында. Қазақ-қытай қарым-қатынасына келетін болсақ, Президент атағандай, Қытаймен достық біздің мемлекет үшін басымдық болып есептеледі. Оған бірқатар себеп бар. Ең бастысы – әлемдік экономикалық тізбектен қалыс қалмау. Әсіресе, Азия мен Еуропаның ортасындағы ел ретіндпе тек дәліз емес, байланыстырушы басты артерияға айналу Қазақстан үшін маңызды. Бұл транзиттік әлеуетті арттыру үшін, тауар айналымын күшейту мен елге инвестиция тарту бағытында тартымды. Сондықтан Президент өз сөзінде Қытайдың тиісті ведомстволарымен қазақстандық ведомстволар арасында тығыз ынтымақтастық одан әрі арта беретіні туралы айтқан болатын», - деді ол.
Сарапшының айтуынша, бүгінде қазақ пен қытай арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың жаңа алтын 30 жылдығы. Бұл туралы Мемлекет басшысы былтыр Қытайға мемлекеттік сапармен барған кезде Қытай төрағасы Си Цзиньпин атап өткен болатын.
«Екі ел арасында екіжақты қарым-қатынастың жағдайы ерекше. Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» жобасы аясында еліміз басты әріптес екені белгілі. Ол географиялық орналасуымызға байланысты. Осыдан 10 жыл бұрын жоба Астанада бастау алды. 10 жылдық қорытынды бойынша арнайы форум да өткен болатын. Соның аясында еліміз жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайту саласында тиісті іс-шараларды атқарып жатыр», - деді Майгелдинов.
Оның сөзінше, Қазақстан мен Қытайдың инфрақұрылымдық байланысын одан әрі арттыру үшін де жаңа жобалар іске асырылып жатыр.
«Мәселен, Абай облысында «Бақты-Аягөз» жаңа темір желісінің құрылысы басталып кетті. Қытаймен үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр. «Бақыт-Қорғас» құрғақ портының ашылуы көзделіп отыр. Сонымен қатар қазақ-қытай арасында сауда көлемі арта беретінін айтып өткен жөн. 2023 жылы 30 жылдағы ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Қазіргі таңда тауар айналымын 40 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Сауда қатынасы бойынша Қазақстан үшін Қытай бірінші орынға шығып отыр», - дейді ол.
Саясаттанушы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас инвестициялық, энергетикалық, сауда-интеграциялық, инфрақұрылымдық, экономикалық ынтымақтастық деңгейінде әрі қарай дами бермек.
«Қазақстандық және қытайлық компаниялар арасындағы қарым-қатынас B2B кездесулер арқылы өңрлік деңгейде өтіп жатыр. Әсіресе, екі ел арасындағы сауда қатынасының Шыңжан өлкесі мен біздің 4 облыс арасында тікелей жүріп жатыр. Шекаралас аймақтардағы ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беріледі. Сондықтан қазақстандық өндірушілер үшін мүмкіндіктер өте көп. Соңғы көрсеткіштер бойынша қазақстандық агроөнімдердің 135 атауының саудасын қамтитын қарым-қатынас дамып жатыр. Қытай тарапынан да еліміздің мұнай-химия, азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Осы тұрғыдан алған кезде өзара әріптестік пен ынтымақтастықты нығайту өзара жалғасады», - дейді ол.
Қазбек Майгелдинов биыл жарияланған Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы жеміс беретінін атап өтті.
«Биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы аясында еліміздің туристік әлеуетін арттыру бойынша бірқатар іс-шара жүзеге асырылады деп ойлаймын. Еліміз үшін Қытайдан келетін туристер санын көбейту маңызды. Қытай туристері елімізге жаңа ақша толқынын алып келетіні түсінікті. Бұл тек қызмет көрсету саласы ғана емес, жергілікті өнімдердің, бизнестің, азаматтардың сауда деңгейін көтереді. Қытай туристерінің сатып алу мүмкіндігі жоғары», - деп түйіндеді сарапшы.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Қаукенов Азияның геосаяси кеңістіктегі рөлі жайлы айтып берді.
«Жалпы әлемдік өсу Азияның қарқынды дамып келе жатқан экономикалары есебінен қалыптасады, сондықтан Азия үшін міндет, әрине, қарсыластықтардың, қақтығыстардың елдерді бөлетін толқындардың болмауына жол бермеу», - дейді сарапшы.
Қытайтанушының айтуынша, континенттер өркениеттер диалогы мен ортақ сауда тізбектері есебінен дамуға мүмкіндік бермеді.
«Азия елдері өте көп болғанына қарамастан, олар мұндай байланысқа, диалогқа қабілетті. Қазір барлығы Азия елдеріне, Боао форумына назар аударады. Себебі бүгінде Азия континентінде қандай да бір жаңа техникалық-экономикалық, ғылыми жаңалық пайда болуы мүмкін. Жалпы алғанда, байланыстар мен шешімдердің жаңа форматы басқа аймақтарды дамытудың үлгісі бола алады», - деді ол.
2024 жыл-жаңа кезеңде «Бір белдеу және бір жол» бірлескен жоғары сапалы құрылысты ілгерілетудің бірінші жылы. Бұрын-соңды болмаған тарихи мүмкіндіктерді ескере отырып, Қытай Қазақстанмен тату көршілік достықты нығайту, стратегиялық үйлестіруді нығайту, прагматикалық ынтымақтастықты тереңдету және адамдар арасындағы байланыстарды дамытуды жүзеге асырды. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо атағандай, Қытай-Қазақстан қатынастарының дамуын бағыттау және бағдарлау үшін пайдалануды жалғастыру қажет.
«Қытай-Қазақстан қатынастарының тұрақты және ұзақ мерзімді дамуына жәрдемдесу және мәңгілік достықпен, өзара сенімнің жоғары деңгейімен және өзара сенімділікпен сипатталатын біртұтас тағдырдың Қытай-Қазақстан қауымдастығын құру үшін бірлескен күш-жігер жұмсау үшін жұмыс істеуге дайын. Біріншіден, мемлекет басшысының дипломатиялық стратегиялық басшылығын күшейту. Мемлекет басшылары дипломатиясының жетекші стратегиялық рөлін Қытай-Қазақстан қатынастарының дамуын бағыттау және бағдарлау үшін пайдалануды жалғастыру қажет. Екі мемлекет басшылары қол жеткізген маңызды консенсусты адал іске асыру, саяси өзара сенімді тереңдету, жоғары деңгейде алмасуды жандандыру, бір-бірінің негізгі мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша бір-біріне берік қолдау көрсету және қытай мен Қазақстанның мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігіне үнемі жаңа мағына беру қажет», - дейді Чжан Сяо.
Ол практикалық салалардағы ынтымақтастықтың сапалы дамуына ықпал ету жайлы да айтты.
«Үкіметаралық ынтымақтастық комитеті сияқты қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерін тиімді пайдалануды жалғастыру қажет, саяси коммуникация мен үйлестіруді нығайту, ауыл шаруашылығы, көлік, жаңа энергетика, автомобиль, трансшекаралық электрондық коммерция, инвестициялық және басқа салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастыру және өсудің жаңа нүктелерін дамыту көзделіп отыр. «Бір белдеу -бір жол» жоғары сапалы құрылысының келесі «алтын отыз жылдығын» салу мақсаты тұр. Бұл жобаның бірлескен құрылысының бірінші орны ретінде Қазақстанның үлгілі және жетекші рөлін кеңейту және нығайту, жаңа елеулі прогреске қол жеткізу, «Бір белдеу - бір жолды» екі елдің халықтарына пайда әкелетін бақытқа апаратын жолға бірлесіп айналдыру керек», - деді ол.
Елшінің айтуынша, тұлғааралық және мәдени алмасу үшін қоғамдық пікірдің негізін нығайту керек.
«Біз Қазақстанның Қытайдағы туризм жылын ойдағыдай өткізуге, білім, ғылым және технологиялар, спорт, БАҚ және басқа да салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге, мәдени орталықтарды тезірек құруға жәрдемдесуге, жастар алмасуы үшін көбірек платформалар құруға, сондай-ақ қоғамға екі ел арасындағы мәңгілік достықтың маңыздылығын ұдайы жеткізуге тиіспіз. Халықаралық істердегі үйлестіру мен ынтымақтастықты күшейту керек. Қытай Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының ротациялық төрағасы ретіндегі өз міндеттерін орындауда Қазақстанды толық қолдайды және Біріккен Ұлттар Ұйымы, өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты көпжақты тетіктер аясында Қазақстанмен үйлестіру мен ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастырады», - дейді елші.
Azattyq Ruhy тілшісі әкімшілік орталығы Сиань болып есептелетін Шэньси провинциясы делегациясының өкілдерінен қазақ-қытай қарым-қатынасының сауда-саттықтағы әлеуетін сұрап білді.
«Бір белдеу - бір жол» - осыдан 10 жыл бұрын Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин ұсынған халықаралық бастама. Оның мақсаты Орталық Азияның, Еуропаның және Африканың 60-тан астам елін байланыстыратын қолданыстағы сауда және көлік дәліздерін жетілдіру және жаңадан құру және бұл осы мемлекеттер мен Қытай арасындағы сауда қатынастарын дамытуға жәрдемдесуге арналған.
Ал Шэньси провинциясы «Бір белдеу-бір жол» жобасының маңызды торабы. Қытай-Еуропалық Одақ (CEU-Сиань) пойыздарының көлемі Қытайдағы CEU пойыздары жалпы көлемінің шамамен 40 пайызын құрайды. Қазақстан - Қытай мен ЕО (Сиань) пойыздарының халықаралық бағытындағы негізгі транзиттік ел, сондай-ақ Орталық Азияға баратын пойыздарды бөлу мен жинаудың басты пункті. Қытайдан Азия мен Еуропаға шығатын пойыздардың 60 пайызы Қазақстанда ұйымдастырылады.
Қытайлық сарапшылар Қазақстан салған Сиань терминалы жобасы жайлы айтып берді.
«Осы жылдың 28 ақпанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың телекөпір арқылы Қытай мен Қазақстан бірлесіп салған Қытай-Еуропалық Одақ (CEU) пойызының Қазақстандағы Сиань терминалы ресми түрде пайдалануға берілді. Қытайда бұл жобаны Қазақстан инвестициялады. Ол жүк қоймаларын, контейнерлерді жинақтау аймағын қамтиды. Сондай-ақ ол Сиань халықаралық порт терминалының тиеу-түсіру ауласының аймағына қосылған, контейнерлерді «жылдам жеткізу мен жылдам қабылдауға» сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Теміржол логистикалық жобасы шамамен 120 шаршы метр аумақты қамтып отыр», - делінген бізге берген жауапта.
Жоба 2023 жылғы Сианьда өткен «Қытай-Орталық Азия» саммиті аясындағы ынтымақтастықтың маңызды жетістігі ғана емес, сонымен қатар Қытай мен Қазақстан үшін Қытай-Еуропалық Одақ (CEU) бағытындағы пойыз бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы келісімді іске асыру жөніндегі маңызды практикалық шара болып отыр.
«Жоба Қытайда қазақстандық өнімді өткізу аумағын кеңейтеді және қазақстандық өнімді жылдам бөлуге ықпал етеді. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік дәлізінде «тізбектеп өткізу» қағидатын іске асыру үшін Сианьдағы қазақстандық тауарлардың Қытай импорты мен экспортына жылдам таратуға мүмкіндік береді. «Тізбектеп өткізу» қағидаты үлкен халықаралық сауда арнасын жоғары тиімділікте төмен шығындармен ұйымдастырып, кең және тығыз экономикалық сауда-саттық, сондай-ақ гуманитарлық байланысты қамтамасыз етеді», - дейді қытайлық дипломаттар.
Сарапшылар Қазақстан «Бір белдеу бір жол» бастамасы қалыптасқан бірегей орын екенін нық сеніммен айтып отыр. «Бір белдеу-бір жол» бастамасын іске асыру басталғаннан кейін бір жыл өткен соң Қазақстан «Жібек жолының» жаңа экономикалық саясатын ұсынды. Осылайша, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен «Жібек жолының» жаңа экономикалық саясаты үйлесім тауып, бірін-бірі толықтыра түскен.
«Бір белдеу-бір жол» құрылысындағы ынтымақтастық Қазақстанның инфрақұрылымын, оның ішінде қазақстандық және қытайлық автомобиль және темір жол транзиттік тасымалдарын, құрлықтағы және теңіздегі мультимодальды тасымалдардың өзара байланысын дамытуға ықпал етіп, Қазақстанның дамуын жеделдетіп, түрлі салалардағы қазақстан-қытай ынтымақтастығын кеңейту үшін маңызды негіз қалады», - дейді сарапшылар.
Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 26 миллион тоннаға артып, былтырмен салыстырғанда 22% - ға өскен. Қазақстанда Сиань терминалы жобасын тиімді іске қосу Қазақстан үшін өте тұрақты, сенімді және қауіпсіз платформаны қамтамасыз етті. Бұл екі ел арасында жүктерді шоғырландыру және бөлу мүмкіндігін тиімді жолға қойып, арттыра түспек.
«Сонымен қатар, 2023 жылдың қазан айында Қытай мен Қазақстан бірлесіп Алматыда Қытай-Қазақстан логистикалық терминалының құрылысын бастады, ол биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Осы жобаларға қатысу арқылы Қазақстан бұл бағыт бойында орналасқан Қытайды және көптеген Еуропа елдерін байланыстыратын логистикалық желіні жетілдіруді жалғастырып отыр. Бұл Қазақстандағы тауарларды сатуға ықпал етеді және Қытай мен Қазақстандағы кәсіпорындардың бизнесі үшін кең мүмкіндіктер ашады», - деп хабарлады Шэньси провинциясының делегациясы.
«Бір белдеу бір жол» бастамасының ілгерілуі нәтижесінде Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық жиіледі. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі атанды, екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі алғаш рет 40 млрд долларды құраған.
2023 жылы Шэньси мен Қазақстан арасындағы импорттық-экспорттық сауданың жалпы өсімі жылдық есепте 40,47%-ды. құрады. Ыңғайлы логистикалық арналар мен сервистік желі Қытай мен Қазақстанның өнеркәсіптік жеткізу тізбегінің терең интеграциясына, Орталық Азия, Қытай және Еуропа арасындағы сауда-саттықты қолдауға ықпал етпек.
«Дәлізге сүйене отырып, біз «лайнер + саябақ», «лайнер + трансшекаралық электрондық коммерция» сияқты жаңа бағытты дамытамыз, дәнді тауарлар саудасын кеңейтеміз және екі елдің арнайы тауарлары үшін кеңірек нарық кеңістігін құру үшін сауданы ұлғайтуды жалғастырамыз. Бұдан басқа, біз «лайнер + гуманитарлық ғылымдарды» одан әрі дамытып, Қазақстанды маңызды торап ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ гуманитарлық алмасу саласындағы байланыстарға көшуге жәрдемдесу үшін Орталық Азия үшін арнайы гуманитарлық туризм пойыздарын іске қосуға белсенді жәрдемдесеміз. Бұл ережелер мен стандарттар тұрғысынан қатаң инфрақұрылымдық байланыстардан жұмсақ байланыстарға өтуге мүмкіндік береді», - дейді қытайлық сарапшылар.