ЕЭО елдерінің өзара сауда қатынасы кезінде рұқсат құжаттарын алу процесі жеңілдетіледі
ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2023 жылғы 25 мамырда Мәскеу қаласында хаттамаға қол қойған болатын

Сенат отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңы мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2023 жылғы 25 мамырда Мәскеу қаласында хаттамаға қол қойған болатын.
ЕЭО туралы шартқа барлығы 32 түзету енгізілген. Негізгі өзгерістер туралы сенатор Арман Өтеғұлов айтып берді.
«Одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одақ Бірыңғай тізбесінде жоқ зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шараларды қабылдау мүмкіндігі енгізілуде. Бүгінгі таңда Бірыңғай тізбеге енгізілген қоздырғыштарға қатысты уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралар қолданылады. Егер зиянды организмдер Бірыңғай тізбеде болмаса, онда елдер саудаға фитосанитариялық шектеулер енгізе алмайды. Жаңа заңда қоздырғыштарға қатысты шұғыл фитосанитариялық шараларды енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ мұндай шараларды енгізу туралы алдын ала хабарлау міндеттемесі көзделуде. Ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану нормалары енгізіледі. Бұл электрондық форматта өткізілетін сатып алуларға қатысуға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтады және өндірушілеріміздің экспортқа шығу мүмкіндіктері артады. Еуразиялық үкіметаралық кеңеске тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекіту құқығы беріледі. Тауарларды әкелу, әкету кезінде рұқсат құжаттарын алу процесі жеңілдетіледі», - деді сенатор.
Хаттама Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық реттеу, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тарифтік емес реттеу және мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты қолданыстағы құқықтарында орын алған олқылықтарды жоюға бағытталған.