Қытай шетелдік инвестицияларды тежейтін кедергілерді жояды
Оларға ұлттық компанияларға қойылған талаптар енгізілмек
Қытай өңдеу өнеркәсібіндегі шетелдік инвестицияларға деген шектеулерді жоюды жалғастырады. Бұл туралы Боао Азия форумында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қытай шетелдік инвестицияларға қол жетімділікті шектейтін тізімді азайтуды жалғастырады. Біз олардың өңдеу өнеркәсібіне деген ағынды шектейтін шараларды толығымен жоямыз», - деді Чжао Лэцзи.
Ол шетелдік компанияларға ұлттық кәсіпорындармен бірдей шарт қою жоспарланғанын айтты.
Ол сондай-ақ Азия елдері жаһандық экономикалық дамуды ынталандырып, түрлі салаларда жалпыға бірдей өсу драйвері ретінде әрекет етуі тиіс екенін атап өтті.
Осыған дейін ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянь Қытай шетелдік инвесторларға шектеуді азайтатынын айтқан. Сондай-ақ қызметтер нарығына, оның ішінде медициналық қызметтерге инвестициялауға қолжетімділік кеңейтіледі.