«Сандыққа салдым». Самат Нұртаза алғашқы депутаттық жалақысын қайда жұмсағанын айтты

Бүгін депутат атанғанына бір жыл толған ол әлеуметтік желіде осы аралықтағы жұмысын қорытындылады

«Сандыққа салдым». Самат Нұртаза алғашқы депутаттық жалақысын қайда жұмсағанын айтты
Сурет Самат Нұртазаның жеке парақшасынан алынды

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазба қалдыра отырып, бір жыл депутат болғанда қандай жұмыс атқарғанын, қайда тұратынын және қанша теңге жалақы алатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«27 наурызда «депутатсың» деп біраз кісі хабарласып құттықтады, бірақ мен тек ресми тізімді күтіп отырдым. Телеграм-каналдар мен сайттарға шыққанда ғана көңілім орнына түсті. Тізім шықты - телефон жарылды. Сәуірдің бірінде наурыздағы 3 күннің жалақысы деп аз-маз ақша түсті. Аса діншіл адам болмасам да, сол ақшаны ырымдап, мешітке апарып, ниет етіп сандыққа салдым», - деп жазды Самат Нұртаза.

Айта кетейік, Самат Нұртаза ресми жалақысы 800 мың теңге екенін айтып отыр. Оның жазғанына сүйенсек, Мәжіліс 28 наурыз күні барлық депутатқа бір-бір көмекші берген. Кейбір депутат жанына «өз көмекшілерін» қалдырып, Мәжілістің қызметкерлерінен бас тартқан. Қызметтік пәтеріндегі жиһазы ескі екенін айтқан ол көршілері депутат Ринат Зайытов пен Ермұрат Бәпи екенін жазған.

«15 сәуірде пәтер берді. Орташа кейіпте, жиһазы ескілеу, кафелі 2005 жылдан бері ауыспаған, төсегі сықырлайды. Екі балконы бар. Айына 75 сағат көлік алдыруға рұқсат. Дүкенге, мектепке, базарға, қаланың сыртына, ойын-сауық орталықтарына баруға болмайды. Сондай-ақ сенбі-жексенбіде және кешкі сағат 20:00-ден кейін көлік шақыруға болмайды. Күндіз тек үкіметтік ұйымдарға ғана баруға рұқсат берілген. Жұмысқа жаяу барғаннан, сол 75 сағаттың айына ары кетсе 10-15 сағатын пайдаланасың», - дейді ол.

Самат Нұртаза осы бір жыл ішінде үш депутаттық сауал айтқанын және 7-8 министрге сұрақ қойғанын жазған.

«365 күнде 3 депутаттық сауалды айтып, 15 шақты сауалға өз үлесімді қостым. Біреуден көп, біреуден аз дегендей. Сонымен қатар Үкімет сағаты өткен сайын бір-бір министрден келіп Мәжіліске есеп береді, сол жерде кез келген депутат өз сұрағын қоя алады. 7-8 министрге сайлаушылар өтінген сұрақты қойғаным бар», - деп жазды ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.