«Азаматтардың әл-ауқаты жақсарып жатыр»: Тоқаев орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жеткенін айтты

Автор: Аманалина Тоғжан

Президент ірі қала мен ауыл-аймақта мәдени жаңғыру байқалып жатқанын да жеткізді

Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде халық саны мен ұлт руханияты жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жақында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бұл – тарихи белес. Оған бүкіл ел болып қуандық. Халық санының көбеюі мемлекетіміздің дамуына қосымша серпін беріп, елімізге абырой әкелетініне еш күмән жоқ. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – барша жұртымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету. Былтыр еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті. Бұл – еліміздегі медициналық қызметтің сапасымен қатар, азаматтардың әл-ауқаты жақсарып жатыр деген сөз», - деді Тоқаев.

Президент атағандай, ұлт руханияты да жаңаша өркен жайып келеді.

«Ірі қалаларда, ауыл-аймақтарда мәдени жаңғыру байқалып отыр. Мысалы, еліміздің әр түкпірінде апта сайын ондаған концерт, спектакль қойылады. Соған қарамастан жұрт театрға билет таппай жатады. Қоғамымызда, әсіресе жастар қауымында креативті индустрия қарқынды дамып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс», - деді Президент.