Байденге импичмент жариялауы мүмкін – БАҚ

Аягөз Құрмаш

Өкілдер палатасы Президентті заңсыз пайда тапты деп айыптап отыр

Байденге импичмент жариялауы мүмкін – БАҚ
Фото: РИА Новости

Америка құрама штаттарының өкілдер палатасының мүшелері президент Джо Байденге импичмент бойынша тергеуді ресімдеуге дауыс бере алады. Дауыс беру 14 желтоқсан, яғни бейсенбіде өтуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Reuters-ке сілтеме жасап.

«АҚШ-тың республикалық бақылаудағы өкілдер палатасы президент Джо Байденге импичмент жариялау туралы ресми тергеуге дауыс береді деп күтіліп отыр», - делінген хабарламада.

Өкілдер палатасындағы республикашылар демократияшыл президент пен оның отбасы 2009-2017 жылдары президент Барак Обаманың кезінде Байден вице-президент ретінде саяси шешімдер арқылы заңсыз пайда тапты деп айыптайды.

Олар сондай-ақ АҚШ Әділет министрлігін Байденнің ұлы Хантер Байденнің ісін тергеуге дұрыс араласпады деп айыптады. Әділет министрлігі құқық бұзушылықты жоққа шығарды.

Сонымен бірге, республикашылдар Байденнің вице-президент ретіндегі әрекеті ұлының ісімен байланысты екенін осы күнге дейін дәлелдей алмады.

Еске салсақ, 14 қыркүйекте АҚШ Әділет министрлігі  АҚШ президентінің ұлы Хантер Байденнің қаруды заңсыз сақтауға қатысты айыптауларды жариялаған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.