Жалпыға бірдей теңдік пен өзара жауапкершілік - мемлекеттің басты мақсаты
Бұл туралы Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов айтты
Заң үстемдігімен қатар Қазақстанның басты идеологемасы жалпыға бейжай қарамау мен өзара жауапкершілік болуы қажет. Бұл туралы Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, мемлекеттің басты мақсаты - мәртебесіне, қалтасының қалыңдығына, тегіне қарамастан, заң алдындағы жалпыға бірдей теңдік.
Осыған дейін биліктің жоғарғы эшелондарының жекелеген өкілдері өз лауазымдарын жылдар бойы жеке және қылмыстық мақсатта пайдаланды. Сол үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері «заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң әзірледі.
«Ірі кәсіпкерлердің немесе жоғары лауазымды шенеуніктердің белгілі бір тобы заңсыз монополиялар ұйымдастырып, өндірістік тізбектерге қосылды, артық пайда тапты, кейін активтерді заңсыз шығарып алды. Қазір мемлекеттің басты міндеті – ұрланған ақшаны халыққа қайтару. Бұл қоғамға сигнал болады. Біз бұл адамның кім екенін немесе кімнің адамы екенін қарамадық. Бұл - заң үстемдігі», - деді Ерлан Қошанов.
Алайда бұл мәселеде мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз, азаматтар да белсенді қатысуы кереке. Мәжіліс Спикерінің пікірінше, ол үшін қоғамның белгілі бір бөліктеріне тән құқықтық нигилизмді жою қажет.
«Біз қазақстандықтарға кез келген ауыр қылмыс ұсақ қылмыстан басталатынын түсіндіруіміз керек. Егер адам жазаланбаса және жауапкершіліктен құтылса, онда оның сезімталдығы әлсірей түседі, ол келесі жолы да жауапкершіліктен құтылып кетеді деп ойлай бастайды. Қоғамдық бақылау және азаматтық қоғамның жұмысы өте маңызды. Біз бейнекамераларды әр үйге, әр пәтерге іліп қоя алмаймыз. Азаматтар да олардың жанында болып жатқан оқиғаларға жауапты болуы керек. Мен мұны жалпыға бірдей теңдік пен өзара жауапкершілік идеясы деп атайтын едім. Бұл заңның үстемдігімен қатар біздің басты идеологемамызға айналуы тиіс», - деп қосты ол.