Мемлекет басшысы Svevind Energy Group компаниясының бас директорын қабылдады

Azattyq Rýhy

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін Hyrasia One жобасын уақтылы жүзеге асырудың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті

Мемлекет басшысы Svevind Energy Group компаниясының бас директорын қабылдады

Мемлекет басшысы Svevind Energy Group компаниясының бас директоры Вольфганг Кроппты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Svevind Energy Group компаниясының басшылығымен кездесу барысында Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру жөніндегі жобаны жүзеге асыруға дайындық мәселелері талқыланды.

Вольфганг Кропп Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельдің былтыр Қазақстанға жасаған сапары барысында қол қойылған Инвестициялық келісім аясында алдын ала жобалау-іздестіру жұмыстары (Pre-FEED) жүргізіле бастағаны жөнінде мәлімет берді.

Сондай-ақ ол жоба аясында су тұшыту зауытын, 40 гигаваттық жаңартылатын энергия көздері (жел, күн) станцияларын, сондай-ақ қуаты 20ГВт болатын әрі жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін немесе 11 миллион тонна «жасыл» аммиак өндіре алатын суды электролиздеу қондырғысын салу және пайдалану көзделіп отырғанын хабарлады.

Инвестицияның алдын ала болжамды көлемі 50 миллиард евродан асады. Жобалық құжаттама 2026 жылға қарай аяқталмақ.

Сонымен қатар ол инфрақұрылым құрылысын 2027 жылы бастап, 2032 жылы пайдалануға беру жоспарланғанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін Hyrasia One жобасын уақтылы жүзеге асырудың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы аталған бастама Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері саласын дамытуда жетекші жобалардың бірі болатынына әрі еліміздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.