Президент: «Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады»
Мемлекет басшысы әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда заң және құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды екенін атап өтті
Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек. Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі, тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ахуалға тоқталып өтті. Беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі деп атайды.
«Қазір біз аймақтың мәдени-рухани орталығына айналдық. Биыл шетелдің өнер ұжымдары елімізде 200-ден астам мәдени іс-шара өткізді. Бұл – тұрақтылықтың, тыныштықтың айқын көрінісі. Мұны басқаларға үлгі-өнеге деуге болады. Ал тұрақсыздық жайлаған елге ешкім ұмтыла қоймасы анық. Бейбітшілік – біздің басты байлығымыз. Оның қадіріне жетіп, бағалай білу – бәрімізге ортақ парыз. Мұны еліміздің әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінуі қажет», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда заң және құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады. Еліміз өктемдік пен өшпенділікке, қоғамдық тәртіпті аяқ асты етуге, зорлық-зомбылыққа шақыруға, азаматтардың ар-намысын таптайтын әрекеттер жасауға жол бермейді.
Заңға қайшы келетін, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа сына қағатын кез келген сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қояды. Бұл талапқа бағынбау мемлекетке де, қоғамға да қарсы шығу деп бағаланады. Мұны бәрін, әсіресе, ел алдында жүрген және халыққа сөзі өтімді азаматтар терең түсінуі керек», - деді Президент.