Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларын Қазақстанда өтетін 6-шы Консультативтік кездесуге шақырды

Президент бұл туралы Душанбеде өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде айтты

Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларын Қазақстанда өтетін 6-шы Консультативтік кездесуге шақырды
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия» туристік брендін бірге насихаттай отырып, елдеріміздің бірегей табиғатын және өзіне тән бай мәдениетін бүкіл әлемге таныстыруға керемет мүмкіндігіміз бар екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысының пайымынша, ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастықты жандандырудың перспективасы зор.

«Жоғары сапалы ортақ медиажобаларды жүзеге асыру, соның ішінде жалпыөңірлік телеарна, жаңалықтар сайтын құру ісіне кірісуді ұсынамын. Бұл міндеттердің орындалуы Орталық Азия елдерінің салалық ведомстволары және ақпарат агенттіктері арасындағы тұрақты диалогқа септігін тигізеді», - деді ол.

Президенттің ұсыныстары мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеру ниетінен туындап отыр.

«Қазақстан өңірдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін тағы да атап өткім келеді. Құрметті әріптестер, Сіздерді Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Қазақстанда өтетін 6-шы Консультативтік кездесуіне шақырамын.

Алдағы міндеттердің табысты жүзеге асырылуы достықты, тату көршілік қарым-қатынасты және стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді содан соң Мемлекет басшысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.