Президент Орталық Азиядағы қауіпсіздік жөніндегі келесі диалогты Қазақстанда өткізуді ұсынды
Тоқаев Душанбеде өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Әлемдегі тәртіп тез өзгеріп, біздің өңірдің тұрақтылығын бұзуға талпыныстар жасалып жатқан жағдайда елдеріміздің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің маңызы арта түсті. Құрметті президенттер, аталған маңызды салада тұрақты консультациялар механизмін іске қосу жөніндегі Қазақстанның бастамасына қолдау білдіргендеріңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын. Нақты алдын алу шараларын әзірлеу үшін қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арнайы тоқталды.
Өңірдегі демографиялық өсімнің орнықты екенін ескерсек, білім және ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтудің маңызы арта түседі.
«Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықты белсенді түрде дамытып келеді. Былтыр Қырғызстанда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Сонымен қатар Тәжікстанның жоғары оқу орындары базасында бірлескен факультеттер ашу ісі қарастырылып жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанда екі елдің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу көзделіп отыр. Бұл маңызды саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге біздің Душанбедегі кездесуіміз аясында 2-ші Ректорлар форумы мен Орталық Азия елдері ғалымдарының 1-ші форумын өткізу өз септігін тигізеді», - деді Мемлекет басшысы.