Коронавирус геосаяси мүдде үшін қолдан жасалған қару болуы мүмкін – сарапшы пікірі
Коронавирустың әлем экономикасына тигізіп жатқан зияны туралы
Бүгінгі таңда экономикалық тұрақсыздық Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалып жатыр. Оған әсер етуші факторлар көп. Соңғы екі айда әлем халқын дүрбелеңге салып жатқан коронавирустың айналасында көптеген күмәнді сұрақтар туындауда. Мұнай бағасының құлдырауы, доллардың көтерілуі мен коронавирустың әлем экономикасына тигізіп жатқан зиянына байланысты Azattyq Ruhy тілшісі белгілі экономист Талғат Демесіновпен сұхбаттасқан еді.
ҚЫТАЙ ӘЛЕМДЕГІ БІРІНШІ ЭКОНОМИКА БОЛУҒА ШАҚ ҚАЛДЫ
- Кейбір қытайлық басылымдар коронавирустың тарауын «Форт Детрик» атындағы лабораториямен байланыстырып, індеттің таралуына АҚШ мүдделі деген болжамды алға тартып отыр. Әлемді дүрліктірген коронавирустың жаппай тарауы кімдерге пайдалы болуы мүмкін?
- АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына пайдалы болуы мүмкін. Америка президенті Дональд Трамптың айтуынша, әлемдегі екінші экономика -Қытайдың ішкі өнімінің көлемі $21 триллионға жетті, АҚШ-тікі $24 триллион, енді $3 триллионға көбейсе, Американы қуып жетіп алады. Америка осыған жол бергісі келмей отыр. Трамп Американың ішкі экономикасын дамытып, тоқтап қалған Детройттағы автомобиль зауыттарын іске қосып, елде бұрын өндірілген өнімдерді қайта қалпына келтіргісі келеді. Себебі, 90-шы жылдардан бастап АҚШ үкіметі кейбір өнімдерді Қытайда, Индонезия мен Малайзияда өндіре бастады. Өз елдерінде өндірейін десе, шикізат, материалдар мен жұмыс күші қымбат. Қытай экономикасы оларды қуып жетіп қалған кезде, олар өз өнімдерін өз елінде өндіру қажет екенін түсіне бастады. Сондықтан коронавирус АҚШ үкіметіне және Қытайдың өзіндегі ішкі саяси күрес жүргізушілерге тиімді.
- Қытайдың өз ішінде қандай күрестер жүріп жатыр?
- Қазіргі президент Си Цзиньпинге қарсы күрестер жүріп жатыр. Оған себеп, Си Цзиньпиннің билікті өз қолына шоғырландыруы болып отыр. Олардың ішкі саясатында да биліктің узурпациялануына қарсы пікірдегі адамдар жетерлік. Олардың көбі Қытай коммунистік партиясының жас буыны. 1976 жылы Мао-Цзы қайтыс болып, 1978 жылы билікке келген Дэн Сяопиннің кезінен бастап Қытайда әр 10 жыл сайын билікті ауыстырып отыру деген тәртіп орнатылған. Си Цзиньпинге дейінгілердің бәрі сол тәртіпке бағынды, ал қазіргі ҚХР басшысы билікті созып алды. Гонконгта болып жатқан жағдай сол қарсы жастар тобының әрекеттері. Шыңжаңда болып жатқан мұсылмандардың құқын шектеп, лагерьге қамаулары Қытайдың ішкі билігінің арасында болып жатқан саяси тартысқа байланысты. Коронавирустың шығуының бір себебі осы болуы да мүмкін. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, бұл коронавирус 1960 жылы шыққан екен. Ол вирусты зерттеп, оның емдеу жолын тауып, лабораторияларда жасырып тастаған деген ақпараттар да жазылуда. Ал сол жасырылған вирусты лабораториядан біреулер алып шыққан. Әлемдегі қазіргі экономикалық жағдайдың, еліміздегі жағдайдың ушығуы бұған дейінгі жағдайларға ұқсамайды. Шәкәрім атамызша айтсақ, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» болып тұр. Мұнда көп факторлардың тоғысуы орын алуда. Мұнымен күресу қиындау. Себебі, дағдарыс бір ғана экономика немесе қаржы саласында болып жатқан жоқ. Коронавирустан құтылсақ, 4-5 жылдан кейін тағы басқа нәрсе шығуы мүмкін.
ҚЫТАЙ ДЕМІКСЕ, ҚАЛҒАНЫ СҰЛЫҚ ТҮСЕДІ
- Қазір әлемдік экономикада болып жатқан дағдарыс қашан қалпына түседі?
- Бреттон Вудста 1944 жылғы әлемдік қаржылық экономикалық жүйенің конструкциясы құлады. 2000 жылдардың басынан бастап Бреттон Вудс экономикасының құлаған қирандыларымен жұмыс істеп жатырмыз. Және бұл жүйеге балама жүйе ойлап табылған жоқ. Әлемнің алпауыт мемлекеттері осы проблеманы шешпей, әлемдік дағдарыс қайталана береді деген теория бар.
- Соңғы күндері мұнайдың бір баррелі $30 дейін түсті, бір доллардың еліміздегі құны 440 теңгеге жетті. Мұнай бағасының құлдырауы мен вирустың арасындағы байланысты айтып беріңізші?
- Қытай Халық Республикасында коронавирустың таралуы азайып жатыр. Аз уақытта ол елде аталған індет тоқтауы мүмкін. Демек, Қытай экономикасы 1-2 айда қалпына түседі. Қытай экономикасы коронавирус және АҚШ-пен болып жатқан алпауыттар сауда соғысының нәтижесінде тежеліп қалғанын жоғарыда айттым. Бұл соңғы 29 жылдың ішінде болмаған тежелу. Мысалы, бұрын Қытай экономикасы жыл сайын 7-8% өсіп келген болатын. 1989 жылдан бері қарап отырсаңыз, 30 жыл болды. Ал былтырғы экономикалық жағдайдың нәтижесінде 30 жылда болмаған ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Яғни, Қытай экономикасы бір жылдың ішінде 6,4% ғана өсті. Ал биыл 2020 жылы ол 6,3%-ға дейін төмендейді деген болжамдар бар. Қытай экономикасы өзінің өсу қарқынын баяулатып жатса, сырттан экспортталатын мұнай, газ, түсті металдар, қара металдар сынды тауарларға деген сұраныс та азаяды. Өйткені, Қытайдың химия өнеркәсібінде мұнай өнімдері көп пайдаланылады. Олардың металлургиялық компаниялары сырттан металл өнімдерін сатып алып, өздерінің өндірістік көлемдерін азайтып жатыр. Соның нәтижесінде әлемдік нарықтағы мұнайға, газға, қара және түсті металдарға деген сұраныс азайып кеткендіктен, мұнай бағасы құлдырады. Мысалы, мұнай бағасы 2019 жылдың желтоқсан айында $70 маңайында болған, қазір $35-30 төмендеп қалды. Яғни, Қытай экономикасының тежелуі, қытайлық кәсіпорындар тарапынан мұнайға, табиғи газ, металл сынды басқа да өнімдерге деген сұраныстың азаюына әкелді. Ол өз кезегінде басқа елдердің экономикасына теріс әсерін тигізуде.
ПУТИН ОППОЗИЦИЯНЫ АЛДАРҚАТЫП ОТЫР
- Әлемдегі геосаяси соғыстар, коронавирус пен мұнайдың Қазақстан экономикасына тигізіп жатқан шығыны қандай?
- Қазақстанға келсек, мұнай және газ, түсті металл өндіретін мемлекет ретінде әлемдік нарыққа бізден шығатын табиғи шикізат түріндегі өнімдердің бағасы төмендеп қалды. Соның салдарынан бюджетімізге түсетін қаражат та азаюда. Қаржы тапшылығы жағдайында Үкімет 2020-2022 жылға арналған үш жылдық бюджетті қайта қарап жатыр. Коронавирустың салдарынан Қытай экономикасының тежелуі бір мәселе. Одан бөлек, әлемдік нарықтардағы мұнайдың және де басқа да табиғи металдар бағасының төмендеуіне әсер етіп отырған тағы бір фактор – Ресей мен батыс мемлекеттері арасындағы саяси жағдайдың ушығуы. Сондай-а, РФ-да болып жатқан саяси ішкі өзгерістер әсерін тигізіп отыр.
- Ішкі өзгерістер деп отырғаныңыз Ресей президенті Путиннің сайлауға түсуге құқық алуы ма?
- Иә, РФ Конституциясында өзгерістердің болуы, Путиннің 2024 жылдан бастап ары қарай сайлауға түсуге құқық алуы өз әсерін тигізіп жатыр. Оған бір ғана мысал келтіре кетейін, «Опек» деген дүниежүзілік мұнай экспорттаушылардың ұйымы бар. Бұған Кеңес Одағының бұрынғы мемлекеттері, соның ішінде Ресей мен Қазақстан кірмейді, бізді ол ұйымға қабылдамай отыр. Бірақ біз «Опек+» форматында сол ұйымға кіретін мемлекеттермен бақылаушы ұйым ретінде келіссөз жасадық. Ал бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінің ішіндегі келіссөзде РФ үлкен рөл атқарады. Сол РФ энергетика министрі Новак Валентинович пен Сауд Арабиясының энергетика министрі Абдулазиз Бен Сальман арасында Швейцарияда келіссөз жүргізілген. Бірақ келіссөз барысында олар ортақ шешімге келе алмады. Мұнай бағасының төмендеуіне жол бермес үшін Ресей мұнай өндіру көлемін шектеу туралы ұсынысты қабылдаған жоқ. Бұрын тәулігіне 1,5 миллион баррель өндірсе, қазіргі жағдайда оны «1 миллионға дейін төмендетейік» деген ұсыныс айтылған болатын.
- Неліктен ол ұсыныс қабылданбады?
- Сауд Арабиясы үшін 1 миллион баррель мен 1,5 миллион баррель өндірудің айырмашылығы шамалы, мұнай бағасы $70 бола ма, $30 бола ма, оның да маңызы жоқ. Сауд Арабиясының мұнайының өзіндік құны әлемде ең төмен болып саналады. Себебі, олардың мұнайды өндіру шығындары $2-3 аспайды. Ал біздің Қазақстанның мұнайының өзіндік құны - $18, оған субконтиненталды мемлекет ретінде оны тасымалдау құнын қосыңыз. Әлемдік байлықтардың барлығы теңіз арқылы тасымалданады. Әлемдік нарыққа шығу деген ұғым – мұхитқа шығу деген сөз. Сол әлемдік мұхитқа басқа елдердің территориясы арқылы шығу үшін тағы $11 қосамыз. Сонда біздің отандық мұнай компаниялары әлемдік нарыққа шығу үшін 1 баррельге $29-30 жұмсайды. Бізге мұнай бағасының $35 түсіп қалуы тиімсіз, себебі, мұнай компанияларының табатын пайдасы күрт азайып кетеді. РФ Путин бастаған билігі ел азаматтарының көңілін ішкі проблемалардан сыртқы проблемаларға аударуды ойлап отыр. Ішкі проблема деген халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы, рубль курсының долларға шаққандағы төмендеуі девальвацияға әкеп, девальвациядан инфляция орын алуда. Әзірше халық назары коронавируста, мұнай бағасының түсуіне ауып жатыр. Сол арқылы Путинге қарсы көңіл күйге кедергі қойып отыр. Қазір көктем маусымында оппозицияның митингіге шығуы көбейеді. Қыста адамдар ауа райына байланысты көшеге шықпайды. Көптеген революцияны қарасаңыз, көбі көктемде болады. «Араб көктемі» деп те бекер айтылмаған. Осы Қытайдағы коронавирус пен Ресейдің ішкі проблемаларынан халық назарын сыртқа аудару мәселесі, әлемде болып жатқан көптеген құбылыстар мұнай бағасының төмендеп, әлем экономикасының құлдырауына әсер етіп отыр.
«ҚАЗАҚСТАН - ОРМАНЫН ОТАП ТАСТАҒАН ОРМАНШЫ ІСПЕТТІ»
- Түсінікті, енді аталған дағдарыстан Қазақстан қалай шыға алады?
- Біз 2008-2009 жылдардағы кризистерді көргенбіз, 2015-2017 жылдары әлемдік дағдарыстан ресейлік толқында тағы да өттік. 2008-2009 жылдардағы кризиске $20 млрд беріп шықтық, біздің билік «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шықты. Ол кезде Премьер-министр К.Мәсімов болған. 2015-2017 жылдардағы әлемдік дағдарыстың екінші толқыны кезінде де соған жуық ақша жұмсадық. 2015 жылдың 1-ші қаңтарында Ұлттық қордағы қаражат мөлшері $77 миллиард болған, соңғы Ұлттық банктің берген мәліметі $68 миллиардтың маңайында. Соның $6-7 миллиардын теңгенің долларға шаққандағы бағамын ұстау үшін, валюталық интервенция мен экономиканың әртүрлі салаларына қаржылай көмек бөлу үшін Үкімет жұмсауы мүмкін. Енді бұл дағдарыс 5-6 айға дейін созылатын болса, оған бұдан көп қаражат кетеді. Әлемде коронавирусқа байланысты жарияланған пандемия тоқтаса, Қытай экономикасы қалпына келеді. Нәтижесінде, әлемде мұнайға, газға, түсті металдар мен қара металдарға деген сұраныс қайтадан өсе бастайды. Мұндай жағдайда Қазақстан экономикасы да қайта түзеледі. Шындығын айтсақ, Қазақстан 30 жылдың ішінде өзінің шикізат эконмикасын ғана құрып үлгерді. Ал құны жоғары нақты тауарлар өндіру, оның ішінде, мұнайды терең өндіріп, дайын өнімдер алу деген мәселені 30 жылдың ішінде шеше алмадық. Біздің жалпы «ішкі өніміміз 16 есе өсті, халықтың табысы 15 есеге артты» деген мәліметтер беріп жатыр ғой. Мұның бәрі мұнай бағасының өсуі және теңгенің долларға шаққандағы құнсыздануының арқасында ғана жүзеге асты деп айта аламын. 1993 жыл қарашаның 12-15 күні теңгені айналымға енгізгенде, $1 бағамы 4 теңге 72 тиын болған. Ал бүгінгі баға 440-қа дейін жетіп жатыр. Мұнайдың сол кездегі бағасы ары кетсе, 11-19 теңгеден аспайтын. Жалпы ішкі өнімнің өсуін біз теңгемен есептейміз, ал теңгеміз жыл сайын құнсызданған үстіне құнсызданып жатқанда, экономикамызды өсті деп айта алмаймыз. Экономика өндіруші салада ғана өсті, яғни, мұнай мен металды өндіру тәуелсіздік жылдары бірнеше есеге артты. ҚР жалпы ішкі өнімдегі шикізат өндіру саласының үлесі – 18%-ды құраған, 2019 жылдағы көрсеткіш – 38%-ға ұлғайған. Мұның есесіне, қайта өңдеу саласы екі есеге азайған. 1991 жылы ЖІӨ үлес – 36% болса, 2019 жылғы үлес – 16% түсіп қалған. Сонда біздің экономикамыздағы құрылым адам айтса сенгісіз өзгеріске ұшырап, быт-шыты шыққан. Біз дайын мұнайды жерден сорып алып, шахталардан қара металдарды тартып алып, шетелдерге сатумен ғана айналысып отырдық. Ары кетсе, бірінші деңгейде ғана өңдеп, пойыздарға тиеп, шетел асырып жатырмыз. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан сыртқа тасымалдау экономикасын ғана құрды. Павлодар, Атырау, Шымкент қалаларында мұнай өңдейтін үш қана компания бар. Біз шикі мұнайдан 4-5 қана тауар өндіреміз. Олар: жанармайдың 92, 98, 96 маркалы түрлері мен дизельді отындар. Қалған қалдықтарды жылу электр орталықтарына апарып жағамыз, жол құрылыстарында тас жолға пайдаланамыз. Мұнайы жоқ болса да, технологиясы дамыған Германия, Жапония елдері бізден сатып алып, қайта өңдеу жасайды. Германияның өзі мұнайдан 400 түрлі өнім өндіреді. Еденге төсеп жүрген линолеум, тереземіздегі пластик, парталар, компьютер корпустары, қыздардың көзге жағатын сүрмелері мен далаптарына дейін – мұнайдан шығатын химиялық өнімдер. Біз осы орайда өз орманын өзі балталап, орнына ағаш екпестен, оны өзгелерге сатып жатқан орманшы сияқтымыз. Еліміздегі жоғары тауар өндірісін жолға қоймай, теңгенің долларға, басқа валютаға шаққандағы курсын тұрақтандыру мүмкін емес.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан