Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 134 миллиард долларға жетті – Тоқаев
Сыртқы сауда 32 пайызға артқан
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Қазақстанның сыртқы саудасы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Жеткізу тізбегінің бұзылуы, инфляцияның өсуі және сауда-саттық шектеулер жаһандық экономиканың дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Осыған қарамастан, Қазақстан сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп үлгерді деп сенімді түрде айта аламыз. Төрт айда экономиканың нақты өсімі 5 пайызды құрады. Бұл бұған дейін болжанған орташа әлемдік көрсеткіштен үш есе көп. Экономикамыздың барлық негізгі секторында оң динамика байқалады. Былтыр біз шетелден 28 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарттық. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бір айта кетерлік жайт, шетелдік инвесторлар шикізаттық емес секторға айрықша қызығушылық танытады. Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның инвестициялық әлеуетін растады. Бүкіл әлемде протекционизмнің белең алуына қарамастан, ашық нарықтық экономикасы бар ел ретінде өз позициямызды нығайта түстік. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп, 134 миллиард долларға жетті», - деді Тоқаев.
Президент атағандай, экономикалық өсім туралы айтқанда, біз тек цифрлар мен көрсеткіштерге ғана емес, сапаға да мән беруіміз керек.
«Осы ретте Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу. Цифрлық интеллект индексіне (Digital IQ) сәйкес Қазақстан цифрландыру қарқыны бойынша 20-орында және цифрлық ортаны дамыту жөнінен анағұрлым перспективті елдердің қатарына кіреді. 2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өсті. Отандық цифрлық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Былтыр IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. Мақсатымыз – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», - деді ол.