Тоқаев әрбір қазақстандықтың қазақ тілін үйренуі үшін шара қолдануды тапсырды

Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді әлі үйренбеген өзге ұлт өкілдеріне қысым жасалмауы керек екенін де алға тартты

Тоқаев әрбір қазақстандықтың қазақ тілін үйренуі үшін шара қолдануды тапсырды
Фото: akorda.kz

Бүкіл азаматтың мемлекеттік тілді үйренуі үшін жүйелі қадамдар жасау керек. Бұл туралы бүгін Қазақстан Халқы Ассамблеясының бүгінгі сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Еліміздегі барлық азаматтың мемлекеттік тілді үйренуі үшін жүйелі қадам жасау керек. Қайталап айтамын, барлық азаматтың. Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік этникалық ерекшеліктерді кеудеден итермейді. Қазақстандағы әрбір этнос өкілдері өзінің тілі мен мәдениетін дамытуға құқылы болды, солай бола береді. Дегенмен, Қазақстанның әрбір азаматы мемлекетіміздің өткені мен болашағына, біздің ұлтымыздың символына қатысы бар екенін ұмытпау керек», - деді Тоқаев.

Сонымен қатап, Президент мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет екенін алға тартты.

«Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар, біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент Қазақстанда 1 мамыр – Бірлік күні міндетті түрде тойланатын мереке екенін атап өтті.

«Еліміз жақында Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды мереке. Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі, қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат», - дейді Тоқаев сессияны аша отырып.

Сонымен қатар, Президент Ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналғанын атап өтіп, былтырғы сессия кезінде маңызды бастамалар айтылғанын еске салды.

«Бұл сессия – көктем мезгілінде мемлекеттік деңгейде өтетін ең ауқымды іс-шара. Мұнда еліміз үшін өте маңызды ұсыныстар айтылады. Мен былтырғы сессияда Ата заңымызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді», - дейді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.