Руслан Мамунов Нұр-Сұлтанда жүр – Ақтөбе облысы әкімдігі
Кейбір дерек көздері шенеуніктің қамауға алынуы мүмкін екенін айтады
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі Оңдасын Оразалиннің орынбасары Руслан Мамуновтың бір іс бойынша куәгер болып жатқанын хабарлады.
«Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексеріп жатқан осыдан төрт жыл бұрынғы дерек бойынша куəгерлік етуде. Бұл істің оның Ақтөбе облысы əкімінің орынбасары жəне «Ақтөбе» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясының басшысы қызметтеріне еш қатысы жоқ», - делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметіне сенсек, қазір Руслан Мамунов Нұр-Сұлтан қаласында. Ал таңертең белгілі саясаттанушы Ербол Еділов өз Telegram арнасында Ақтөбе облысы әкімі орынбасарының $1,2 млн сомасына алаяқтық жасады деген күдікпен 2 айға қамауға алынуы мүмкін екенін жазған.
Еске салсақ, бір апта бұрын да Руслан Мамуновтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Артынша оның өзі бір мейрамхананың ішінде бейнеүндеу жазып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің тергеуі туралы мәлімет «қауесет» деген еді.
Руслан Мамунов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2019 жылдың қарашасында тағайындалған болатын. Экономика мен бюджетті жоспарлау, шағын қалалар мен аудандарды кешенді дамыту, мемлекеттік сатып алу, облыстың салық әлеуетін басқару, мемлекеттік сатып алу сияқты маңызды салалар осы Руслан Мамуновтың мойнына жүктелген лауазымдық қызметтердің қатарына жатады.
Бұған дейін ол «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшысы қызметін атқарған. Түрлі жылдары салық органдарында, «Қазмұнайгаз» компаниясында жұмыс істеді. 2016-2019 жылдар аралығында жекеменшік кәсіпорындарда басшы болған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан