Тоқаев: Сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде
Президент құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек екенін айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде өткізген кеңес барысында Үкіметке Индустрия 4.0 аясында аталған жобаны кеңейту үшін реттеудің және ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент тиісті заңнамалық актілерге, мемлекеттік органдардың жұмыс регламенттеріне қажет болған жағдайда өзгертулер енгізу керек екеніне назар аударып, Үкіметке, Парламент палаталарының Аппараттарына, басқа да органдарға осы бағытта толыққанды шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде өңірлерді цифрландыру жағдайын айтты. Бұл жұмыста алға жылжу болғанмен, әр аймақта және барлық салада біркелкі іске аспай жатқанын жеткізді.
«Бизнес пен азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие, бірақ сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде. Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көптеп кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Цифрлық даму министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде жолға қоюы тиіс. Президент Әкімшілігіне бақылауға алуды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы интернеттің жоқтығын немесе оның баяу жұмыс істейтінін айта келіп, қала мен ауыл тұрғындары арасында «цифрландыру алшақтығы» бар екенін атап өтті.
«Бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан Үкімет «цифрлық алшақтықты» реттеу жұмыстарын жандандыруы қажет», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы деректер базасының еселеп артуына қарай тиісті инфрақұрылым мен сервис дайындау қажеттігіне назар аударды.
Мемлекет басшысы еліміздің шетелдік әзірлемелер мен технологияларға әлде де тәуелді екенін айтты. Сондықтан қажетті IT жобаларды әзірлеп, енгізу үшін Үкіметке «Астана Хаб», «Алатау» Инновациялық-технологиялар паркі, «Назарбаев Университеті» кәсіпорындарының әлеуетін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
«Халықаралық жағдайларды ескере отырып, заңнамалық деңгейде бәсекеге қабілетті отандық әзірлемелерге басымдық бере отырып, сатып алу мәселесін пысықтау қажет. Бұл ең алдымен мемлекеттік секторға қатысты. Сол себепті Үкіметке цифрлық жобаларды келісу рәсімдерін жеңілдету жөнінде ұсыныс беруді тапсырамын. Біздің заңнамаларда базалық әдістер бекітілген. Сонымен қатар венчурлық қызметті толықтай тәртіпке келтіру және ынталандыру мәселесін де ойластыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Үкімет пен ҰҚК бірлесіп ақпараттық ресурстарды және жалпы «цифрлық дербестікті» тиімді қорғауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Оның айтуынша, бұл мақсатта ақпараттық қауіпсіздіктің 10 жедел орталығын құру жұмысын жалғастыру қажет. Сондай-ақ «ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім беру грантын кемі екі мыңға дейін арттыру керек.
Мемлекет басшысы цифрландыру саласына жауапты вице-министрлер мемлекеттік аппараттың жұмысына оң өзгерістер әкелуі қажеттігін, сонымен қатар, олар экономикада және басқа да салаларда цифрлық реформаларды қолға алуы тиіс екенін атап өтті.
«Олардың міндеті – күнделікті жұмыс емес, реформалар мен өзгерістерді іске асыру. Осы ретте, мемлекеттік органдарда цифрландыру офицері лауазымын енгізу керек. Жергілікті жерлерде әкімнің нақты бір орынбасарын цифрландыруға жауапты етіп бекіту қажет. Олар Цифрлық даму министрлігімен тығыз жұмыс істеуі тиіс», – деді Президент.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрандыру мемлекеттік маңызды іс, ел экономикасының дамуы аталған салаға тікелей байланысты екенін баса айтты.