Президент «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді
Оның айтуынша, цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтты. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті.
Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен.
«Big Data» технологиясын, «жасанды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескірген ақпараттарды анықтауға, шашыраңқы мәліметтердің біртұтас және объективті көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органдарды жұмылдыра отырып, «Smart Data Ukimet» жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез-келген қарапайым адамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар қандай да бір қызмет түрлерін іске қосар алдында әртүрлі санаттағы азаматтардан құралған топтар жасақталып, оған халықты белсенді қатыстырып, кеңесу керек екенін айтты.