Елбасы таңдауы неге Тоқаевқа түскенін үш себеппен түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасына сұхбат беріп, таңдауы неге Тоқаевқа түскенін түсіндіріп берді

«Әрине, менің төңірегімде көптеген жақсы азаматтар болды, өсіп жетілді, оны өздеріңіздер көріп-біліп жүрсіздер. Шынымды айтайын, бірнеше адамның кандидатурасын қарадым. Соның ішінде бүгінгі күндегі ең дұрысы, сай келетіні – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев деп есептедім» деді Елбасы.

Ал, таңдауы не үшін Тоқаевқа түскенін негізгі үш себеппен түсіндірді.

«Біріншіден, менің жанымда ширек ғасырдан бері келе жатқан адам. Мен оны білемін. Ол да менің жұмысымның сыр-сипатын жақсы біледі. Екіншіден, қазақтың бірден бір сауатты азаматы. Үшіншіден, дипломатиялық қызметте көп кісілермен танысқан, біледі. Мемлекет басшылары да дипломат. Барлығы оны таниды. Менің ұсынысыммен Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысының орынбасары болып, Женевада жұмыс істеді, оншақты жыл Сенатты басқарды. Яғни, заң шығару жағын да біледі. Естеріңізде болса, кезінде мен оны Үкімет басшысы ретінде тағайындағанмын, 2 жылдан артық жұмыс істеді» деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев ел басқаратын адам барлық сынақтан өту керек деп есептейді.

«Ел басқару оңай нәрсе емес. Ел басқара аламын деп әркім-ақ ойлайды. Бірақ барлық сынақтан өзің өтуің керек. Әрине, барлығы мен сияқты бола бермес, ең төменнен, зауыттан бастап, қаланы, облысты, республиканы басқарудан өтті. Ондайда сені ешкім алдай алмайды. Ауылда, ауданда, облыста не істейтінін мен білемін. Сондықтан осылай өсу дұрыс болар еді. Бірақ ондай тізбектен өткізу оңай болмайды. Дегенмен, Қасым-Жомарт Кемелұлы солардың біразынан өтті деп санаймын. Елдің таңдағаны дұрыс. Nur Otan партиясының, менің ұсынуыммен халық сайлады» деді.