Әкімдік жұмысшылар алдында қытайлық компанияның сойылын соқты
Ақтөбедегі қытайлық мұнай компаниясының басшысы жалақысын айта алмады
«Восток нефть» сервистік қызмет көрсететін қытайлық компанияның жұмысшылары жалақыларын 50 пайызға көтеруді сұрайды.
"Жұмысшыларды демалысқа жіберіп жатыр. Жұмысты тоқтатты. Бізге тек еңбекақымыздың жартысын ғана төлеп тұрады. Онсыз да аз ақшаны қайда жеткіземіз? Қазір бәрі қымбаттап жатыр. Президентіміз ауыр қызметте жүрген жұмысшылар жалақысын көтеруге қатысты бірнеше рет мәлімдеме жасады. Мұнай компаниясында жұмыс істесек те елдегі орташа айлық жалақыны ала алмай жүрміз. Әкімдіктен де көмек сұрадық, нақты жауап болмай тұр. Біреулерді қорқытып, бұзақылық жасау ниетіміз жоқ. Тек еңбекақымызды талапқа сай берілуін сұраймыз", - дейді №19 бригада бұрғылаушысы Амантай Бердімағантов.
Фото: Қайрат Бекенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары
Мекеме жұмысшылар жалақысын 20 пайызға ғана көтерген. Мұнайшылар бұған келіспей отыр.
Наразылыққа шыққандардың жанына жергілікті шенеуніктер де келді. Атқамінерлер шетелдік жұмысберушілерге нақты талап қоюға уәде берді.
"Компанияның жалақыны 20 пайыздан артық көтеруге мүмкіндігі жоқ. Жаңа жылдан кейін жалақыны тағы да көтеруге қатысты жұмыстар жүргізіледі. Біз шетелден келген жұмысшылар санын азайтуға талап қоямыз. Олар жыл бойы жергілікті мамандарды үйрету керек. Үйренген жағдайда жұмысын босатып, сол орынға жергілікті маман тағайындалуы тиіс", - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.
Қытайлық компанияның алдына келген еңбек инспекциясының басшылары шетелдік компанияларда болып жатқан заңбұзушылықтарды жайып салды.
"Біз осыған дейін прокуратура нұсқауына байланысты бес мекемені тексердік. Ақтөбе өңірінде жұмыс жасап тұрған «СИНОПЭК Қазақстан» мекемесінде заңбұзушылықтар анықталды. Бір қызметтегі жергілікті маман мен шетелдік жұмысшының жалақысында айырмашылық болды. Оны заңға сай шештік. Сыйақы берген кезде де айырмашылықтар бар. Шетелден келген азаматтарға сыйақы көп мөлшерде төленген. Ал аталған компанияны арыз түспеген соң осыған дейін тексергеніміз жоқ. Қазір түскен арыздармен тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді еңбек инспекциясының басшысы Саламат Аманбаев.
Фото: Чжан Баоцзюнь, "Восток нефт" компаниясының бас директоры
Мекеме есігінің алдына жиналған жұмысшылар қытайлық басшыны сағаттап күтті. Әкімдіктен келген шенділерде компания басшысын жұмысшылар алдына шығуға әрең көндірді. Басшы бұрғылау жұмыстарын көп ұзамай іске қосуға уәде берді.
"Мен басшы ретінде жұмысшылардың талаптары орынды деп санаймын. Компанияның экономикалық жағдайы жақсарса екі жылдың ішінде Ақтөбедегі сервистік компаниялардың ішінде ең жалақысы жоғары компаниялардың бірі болады деп уәде беремін. Бірақ компанияның қазір қандай жағдайда тұрғанын білесіздер. Жұмысшылар осыған қарамай асықтырып жатыр. Жұмыс көлемі аз болса да қарап отырған жоқпыз. Егер жұмысшылар «жұмысты тоқтатамыз» деп өндіріске қауіп төндірмесе, бір-екі күнде қайта жұмысқа кірісеміз", - деді "Восток нефт" компаниясының бас директоры Чжан Баоцзюнь.
«Восток нефть» сервистік қызмет көрсететін қытайлық компанияда 1200 адам жұмыс жасайды. Оның 103-і қытай азаматы. Мекемеде орташа жалақы 212 мың теңге. Қытайлық басшы ең жоғары жалақыны айта алмады.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе