Польша билігі АҚШ президентімен Украинаға әскери ұшақтар жеткізу мүмкіндігін талқылайды
Бұл туралы Польша Сыртқы істер министрінің орынбасары Павел Яблонский хабарлады
Кеше кешке Джо Байден Киевте бірнеше сағат болғаннан кейін Варшаваға келді. Бүгін оның Польша президенті Анджей Дудамен кездесуі және Ресейдің Украинаға басып кірген күніне арналған сөз сөйлеуі жоспарланған.
Яблонскийдің айтуынша, Польша Украинаға керек қаруды алу үшін қажетті шараның бәрін жасай беретін болады.
«Украина үшін бізден де көп нәрсені жасай алатын елдер бар деп санаймыз. Польша қазірдің өзінде көптеген қару-жарақ берді. Біз поляк армиясын қаруландырып әрі күшейте отырып, одан да көп көмек бергіміз келеді», - деді Яблонский.
Украинаның негізгі Одақтас елдерінің бірі Польша Киевке Ресей агрессиясын тойтаруда айтарлықтай қолдау көрсетіп жатыр. Поляк билігі бірнеше рет серіктестерін әскери көмек саласында шешуші әрекеттерге шақырды.
Өткен жылдың көктемінде Польша өзінің бірнеше ондаған МиГ-29 ұшақтарын Украинаға беруге дайын екенін білдірді. Алайда, олар германдық Рамштейндегі американдық әскери базаға жеткізілгеннен кейін, АҚШ әкімшілігі олардың Украинаға берілуіне тосқауыл қойды.
Өз кезегінде Польша Президентінің Сыртқы істер жөніндегі кеңесшісі Марчин Придач, Байденмен келіссөзде НАТО-ның елде болуы талқыланатынын айтты.
«Келіссөзде инфрақұрылым тұрғысынан НАТО-ның қатысуын арттыру туралы сөйлесетініміз жасырын емес», - деді ол.