ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті 25 қыркүйекте Шымкент қаласы Абай аудандық соты Қ.Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатын қарастырғанын хабарлады
Бүгін бюджет ақшасын жымқырды деп 10 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден босап шықты. Экс-министрдің адвокаты Мәди Мырзағараев Бишімбаевтың Шымкент қаласындағы ауданаралық сотқа мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде өтініш түсіргенін, оның арызы 25 қыркүйекте толық қанағаттандырылғанын айтты.
«Оның өтінішхатын қанағаттандырып, соттың тиісті шешімі 2019 жылғы 11 қазанда заңды күшіне енді. Осыған дейін Қ.Бишімбаев Мемлекет басшысына кешірім жасау туралы өтініш білдірген болатын, өтінішхат белгіленген жаза мерзімінің қысқартуымен 2019 жылғы ақпан айында қанағаттандырылды. Шартты түрде жаза мерзімінен бұрын босатуды қарастыру кезінде сотталғанның бас бостандығынан айыру орындарындағы мінездемесі, талап-арызының өтелуі, кінәсін мойындауы және өзге де жағдайлар ескеріледі. Қ. Бишімбаев кінәсін толықтай мойындап, жасаған іс-әрекетіне өкініш білдірді. Сотпен белгіленген талап-арызды өтеген. Жазасын өтеу барысында ол оң мінезделді және мекеменің мәдени-қоғамдық шараларына белсене араласты. Жазаның өтелмеген бөлігінде ішкі істер органдарының пробация бақылауында болады» делінген хабарламада.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі 2018 жылдың 14 наурызында 10 жылға сотталған. Қуандық Бишімбаев Қызылордадағы шыны зауытына деп бюджеттен бөлінген 1 млд теңгені жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Экс-шенеунікпен бірге «Бәйтерек Development»-тің бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев және оның орынбасары депутат Қабиболла Жақыповтың ұлы Аслан Жақыпов пен өзге де топ-менеджерлер және бизнесмендер, бас-аяғы 22 адам сотталды.
Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Тек Елбасы мен халық алдында кінәлі екенін айтқан.
«Жақсыбаев, Жақыпов секілді өзім жұмысқа қабылдаған адамдар мені сатып кетті. Кадр таңдаудан қатты қателестім. Бұл үшін мемлекет басшысының алдында жауап беремін. Басыма түскен осы жағдайдан, президенттің үмітін ақтамағаным үшін ұяламын, елбасынан және жалпы қазақ халқынан кешірім сұраймын» деген еді экс-министр.
Бишімбаевтың 80 миллион теңгеге салынған Қосшы ауылындағы зәулім үйі мемлекет есебіне тәркіленген. Аңшылық үшін тұрғызылған коттеджде монша мен бассейн де болыпты. Параға салынған коттедж кейін мәдениет үйіне айналды. Қазір мұнда балалар ән салып, би билеп жүр.
Бишімбаевтың ісіне байланысты өзге тағы 22 адамға айыпталған. Бұрынғы ұлттық экономика министрі мен оның сыбайластарына пара алды, мемлекеттің қыруар қаржысын жымқырды деген айыптар тағылған. Айыпталушының сыбайластарының дені экс-министрдің бұрынғы қызметі «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінде басшылық қызметте болғандар. Қалғаны кәсіпкерлер мен құрылыс компания басшылары.
Сұлтан Нұрлыбеков – Қ.Бишімбаевтың туыс бауыры, нақты қызметі көрсетілмеген. Ол пара алуға атсалысқаны үшін 7 жылға сотталды.
«Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев пара алғаны үшін 4 жылға сотталды.
«Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болған Асылан Жақыпов 2,5 жылға сотталды. Алайда, 2018 жылдың 20 тамызында Астана қаласындағы №2 аудандық сот «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Асылан Жақыповты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырып, бостандыққа шықты.
«Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ департамент директоры болған Бауыржан Әйтімбетов 4 жылға сотталды.
«Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ-да басқарушы директор болған Дильрух Анарбай 4 жылға сотталды.
«Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ-да басқарушы директор болған Ғазиз Сариев 2 жылға сотталды.
«Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ дирекциясының экс-директоры Сәдуақас Сапарымбетов 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Холдингте менеджер болған Әзиз Акрамовқа 76 млн 500 мың теңге айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетілді.
«Orda Glass» ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Дәурен Ибрашев 4 жылға сотталды.
«Металл өңдеу құрылысы зауыты» ЖШС-ның бұрынғы бас директоры Жақсылық Исабек 2 жылға, «Шымкентхиммонтаж» бас директоры болған Марат Қожабаев 2 жылға сотталды.
Тараз қаласындағы жеке нотариуста істеген Одылжан Акрамов пен кәсіпкер Арман Комаров Тәуелсіздің 25 жылдығына байланысты рақымшылыққа ілініп, негізгі жазадан босатылды.
Кәсіпкер Қанат Смағұловқа 672 млн теңге, «Астана ПК» ЖШС директоры болған Бауыржан Есмұхановқа 672 млн теңге, «ProjectCityGroup» ЖШС директоры Ернар Жұманазарға 200 млн теңге, «СВ+» ЖШС құрылыс компаниясы директоры Сәбит Өтебалиевке 85 млн теңге, «Урал-Авто» ЖШС директоры Қайдар Қосжановқа 175 млн теңге, «Шаңырақ» ЖШС-да директор орынбасары болған Руслан Мұхтаровқа 220 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Бином» ЖШС директоры Данияр Олжабеков пен сол компанияда бас инженер болған Уәлихан Жұмабайға да пара алды деген айып тағылып, кейін ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35 бабына сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Айыпталған азаматтардың қатарында «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Ерлан Айталиев те бар.