Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы еліміздің барлық азаматтарына шынайы ризашылық білдірді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап. Құттықтауда Елбасы белгілеген бұл мейрам - өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі екені айтылады
«Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты. Бұл күні біз елді өркендететін тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолындағы ниетіміздің тоғысқаны үшін бір-бірімізге алғыс айтамыз. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі», - делінген құттықтауда.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміздің барлық азаматтарына Қазақстанды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылық білдіріп, әр отбасына амандық пен игілік тіледі!